1 қарашада Астанадан Павлодарға ұшақ қатынай бастайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 1 қарашадан бастап «Астана-Павлодар» бағытында тікелей әуе рейстері қатынай бастайды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының Павлодар облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша «Астана-Павлодар» бағытында тікелей әуе рейстерін ашу тапсырылған болатын. Осыған орай ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті тиісті жұмыстарды жүргізді.

Нәтижесінде биылғы жылдың 1 қарашасынан бастап «Qazaq Air» авиакомпаниясы аптасына 4 рет жиілікпен әлеуметтік маңызы бар «Астана-Павлодар» авиамаршрутын орындай бастайды», - делінген хабарламада.

Аталған бағыттағы билет бағасы – 10 мың теңге. Билеттерді сату бүгінгі күннің соңына дейін басталады.

Еске салайық, биылғы 5 қазанда Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадан аталмыш өңірге тікелей авиарейс ашуды тапсырған болатын.

«Павлодар облысының экономикасын дамытуға өзге өңірлермен әуе қатынасын орнату айрықша ықпал ететіні анық. Қазір облыс орталығынан Астананың өзіне тікелей ұшақ ұшпайды. Үкімет жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруі керек. Сондай-ақ жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтаған жөн», - деген болатын Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар