1 ақпан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 1 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік Үйлесімді конфессияаралық қатынастар апталығы

Бүкіләлемдік Үйлесімді конфессияаралық қатынастар апталығын халықаралық қоғамдастық алғаш рет 2011 жылғы 1-7 ақпан аралығында тойлады. Біріккен Ұлттар Ұйымы барлық мемлекеттерді осы апта барысында ерікті түрде конфессияаралық үйлесім мен қайырымдылық танытуға шақырады. Шіркеулер, мешіттер, синагогалар, тағы басқа да ғибадат үйлері оқиғалар орталығына айналуы тиіс.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1964 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР-індегі қой шаруашылығын дамыту үшін шөл және шөлейт жайылымдарды игеру туралы» қаулысы жарияланды.

1992 жылы Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесінің Прагада өткен сессиясында тұңғыш рет Қазақстанның байрағы орнатылды.

2005 жылы Израильде Қазақ киносының күндері өтті. Қазақ киносын таныстыру үшін Израильге «Қазақфильм» өкілдері және бас директоры Сергей Әзімов бастаған танымал қазақстандық режиссерлардан тұратын делегация барды. Тель-Авив, Хайфа және Иерусалим қалаларында Қазақ киносы күндерінің салтанатты ашылуы өтті.

Режиссер Сатыбалды Нарымбетов Семей ядролық полигоны маңында тұрған адамдардың тағдыры туралы баяндайтын «Қызжылаған» фильмін таныстырды. Қазақстандық кинотүсірушілер Израильге түрлі жанрдағы алты фильм апарды.

2010 жылы Іле Алатауы және Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағында жабайы алманың ең бағалы сілемдеріне ерекше режимдегі орманды генетикалық резерваттар дәрежесі берілді.

2012 жылы «Қазақ энциклопедиясы» баспасы «Қаныш Сәтбаев» энциклопедиясын шығарды. Онда Қаныш Имантайұлының балалық шағынан бастап, есею және тұлға ретінде қалыптасу жолдары мен қоршаған ортасы түгел қамтылған. Сондай-ақ қоғам және мемлекет қайраткерінің еңбектері жинақталып, ол туралы ғылыми пайымдаулар берілді.

2012 жылы Астанада халық жазушысы Сәкен Жүнісов тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

2013 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің эколог-ғалымдарына Гете атындағы (Германия) Франкфурт университетіндегі әріптестері Қазақстан мен ТМД-да баламасы жоқ «Lintab-6» бірегей құрылғысын сыйлады. Құрылғының көмегімен ғалымдар климаттың өзгеруін болжап, экожүйелерге табиғи және антропогендік факторлардың әсерін бақылай алады.

2014 жылы павлодарлық опера әншісі Мария Мудряк Италияның Комо қаласында өткен халықаралық AsLiCo байқауында жеңіске жетті.

2017 жылы Қазақстанның Венгриядағы елшілігінде екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін Венгрияның ресми тұлғаларын марапаттау рәсімі өтті. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» және «Нәзір Төреқұлов» медальдарымен: Венгрия Сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрлігінің Экономикалық дипломатия жөніндегі мемлекеттік хатшысы Левенте Мадияр, Сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрлігінің «Шығысқа бетбұрыс» саяси стратегиясы жөніндегі мемлекеттік хатшы орынбасары Жолт Чутора, Сыртқы экономикалық және сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Даниель Менделени марапатталды.

2018 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретіндегі өз жұмысын аяқтады. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған Орталық Азиядағы бірінші мемлекет ретінде төрағалығы барысында аймақтағы барлық мемлекеттерінің мүдделерін ілгерілету бойынша белсенді жұмысын жалғастырды.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде практикалық нәтижелерге қол жеткізуге және күн тәртібінде қарастырылған барлық мәселелер бойынша Кеңестің жұмысына конструктивті үлес қосуға ұмтыла отырып, бейтарап, ашық және транспарентті төрағалық етті.

2019 жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығы әлемдік реттеушілермен бірлесіп «Жаһандық құмсалғыш» (Global Financial Innovation Network) бағдарламасын іске қосты.

Қаржылық инновациялардың жаһандық желісі (Global Financial Innovation Network немесе GFIN) - бұл Ұлыбританияның қаржылық қызметін бақылау жөніндегі басқаруды, Халықаралық валюта қорын, Дүниежүзілік банк тобын және қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі АХҚО комитетін қоса алғанда, 29 әлемдік қаржылық реттеуші мен ұйымдардан тұратын бірлестік. GFIN инновация саласында ынтымақтастық және тәжірибе алмасу; реттеуші технологиялармен (RegTech) байланысты мәселелер бойынша білім алмасу; компанияларға бір мезгілде Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ және басқа да юрисдикцияларды қоса алғанда, бірнеше елде инновациялық өнімдерді, қызметтерді немесе бизнес-модельдерді тестілеуге мүмкіндік беру мақсатында құрылған.

2021 жылы Алматыда «Көктөбе» телемұнарасы цифрлық эфирлік телевизияға көшті, ол елдегі телевизиялық хабар таратуды цифрлық форматқа ауыстыру процесіне қатысатын маңызды нысандардың бірі. Мұнда Қазақстан бойынша цифрлық хабар тарату тораптарын бақылайтын Телерадио хабарларын тарату желісін басқару және мониторинг орталығы орналасқан.

2022 жылы британдық Travel Daily New басылымы цифрлық көшпенділер үшін ең үздік елдерді анықтайтын зерттеу нәтижелерін жариялады. Қазақстан рейтингте ТОП-25 елдің құрамына кірді.

2022 жылы Кембридж университеті жанындағы Фицуильям мұражайында «Ұлы дала алтыны» көрмесі өтті. Британдық БАҚ «халықаралық сенсация» деп атаған және «Apollo» журналы әлемнің үздік алты көрмесінің бірі деп атаған бірегей көрме Ұлыбританияда төрт ай болды.

Көрмеде Шығыс Қазақстан облысындағы Берел, Шілікті және Елеке Сазы жерлеу кешендерінен біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларға жататын жүздеген бірегей алтын жәдігерлер ұсынылды.


Соңғы жаңалықтар