1,7 миллион адам 2021 жылғы мүлік салығын әлі төлемеген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2022 жылдың 1 қазанында жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелерінің 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Салық төлеу мерзімінің аяқталуына небәрі 1 апта қалса да, 1,7 млн меншік иесі салық міндеттемесін әлі орындамаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтеріне қарағанда, салық заңнамасына сәйкес алдағы салық сомалары бойынша хабарламалар биыл шілде айында меншік иелеріне жіберілген. Бұдан басқа, «Каспий банк» АҚ мобильді қосымшасын пайдаланушыларына PUSH-хабарламалар түрінде жіберілді.

2021 жыл үшін мүлік салығы 3,8 млн. салық төлеуші бойынша жалпы сомасы 14,3 млрд. теңгеге есептелген.

Дегенмен, бүгінгі күні шамамен 1,7 млн. меншік иесі «2021 жыл» кезеңіне 5,7 млрд. теңге сомасына мүлік салығын төлемеген.

Төленбеген салық сомалары бойынша Алматы қаласының тұрғындары көш бастап тұр (1 379 млн. теңге), екінші орында – Шымкент қаласы (1 194 млн. теңге), антирейтингтің үштігінде – Астана қаласы (1 094 млн. теңге) тұр.

Осыған байланысты, Мемлекеттік кірістер комитеті 2022 жылдың 2 қазанынан бастап жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаларды борышкерлерге жіберетінін еске салады.

1 айлық есептік көрсеткіштен астам берешек сомалары бойынша хабарлама табыс етілген соң отыз жұмыс күнінен кейін берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі. Бұл салық бұйрығы 5 жұмыс күні өткеннен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін беріледі.

Бұл ретте, жеке сот орындаушылары берешек сомасынан басқа шоттарға тыйым салу және шығуға шектеу қоюдан туындаған қолайсыздықтар туралы айтпағанда, салық берешегі сомасының 25%-на дейінгі мөлшерде қосымша төлемді өндіріп алады.

Осылайша, артық шығындар мен проблемаларды болдырмау үшін мүлік салығын уақытылы төлеуге кеңес береміз.

«Салықты «e-Salyq Azamat» және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, «Электрондық үкімет» порталы арқылы, екінші деңгейдегі банктердің бөлімшеріндегі немесе төлем терминалдарындағы қолма-қол ақша қаражатымен, сондай-ақ банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталары арқылы төлеуге болады»,-делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар