1,2 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар жасаған астаналық сотталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты жалған шот-фактуралар жасау фактісі бойынша күдіктіге қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Күдікті 2020 және 2022 жылғы 1 тоқсан аралығында контрагент–кәсіпорындар салық түрінде төлемеген 1 млрд 217 млн теңге сомасында мемлекетке аса ірі залал келтіре отырып, 10 кәсіпорынның атынан іс жүзінде жұмысты орындамай, қызмет көрсетпей, тауарларды жөнелтпей шот-фактуралар жасауды ұйымдастырған.

«Күдікті кәсіпорындарды сатып алып, тіркеген және олар арқылы жалған шот-фактуралар жасаған. Сосын осындай қызметтерге мұқтаж контрагенттерді іздеп, олармен мәміле жасап, содан кейін қолма-қол ақшаға айырбастап отырған», - делінген баспасөз баянында.

Сотталушы кінәсін толық мойындады. Бұдан басқа, оның кінәсі куәлар берген айғақтар, қосылған құн салығының нәтижелері, сот-экономикалық сараптама қорытындысы, Мемлекеттік кіріс департаменті мамандарының қорытындылары және істің басқа да материалдары арқылы дәлелденді.

Қылмыстық кодекстің 216-бабы 3-бөлігінде бұл қылмысқа 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Сот жазаны жеңілдетуге қатысты күдіктінің өз кінәсін мойындап, шын өкінетіндігіне назар аударды.

«Күдікті әрекеттерінде қылмыстардың қайталануы жауапкершілікті ауырлататын жағдай болды. Өйткені ол бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған және қайтадан ауыр қылмыс жасап отыр. Осыған байланысты сот күдіктіге коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымдарды атқаруға, оның ішінде 6 жыл мерзімге шот-фактураларды әзірлеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салды. Сонымен қатар қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті.

Мүлкі тәркіленген жоқ, өйткені сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сотталған адамның қылмыстық жолмен алынған немесе қылмыстық жолмен тапқан қаражатына сатып алған мүліктер болған жоқ», делінген баспасөз баянында. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар