1,1 млн жұмысшының еңбекақысы көтерілді - ҚР Кәсіподақтар федерациясы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшелерін бір шаңырақтың астына біріктіріп отыр. Бұл туралы Кәсіподақтар күніне орай өткен салтанатты жиында ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Кәсіподақтары күні алғаш рет ресми деңгейде аталып жатқанына тоқталған ол, «бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшелерін бір шаңырақтың астына біріктіріп отырған Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Осы орайда кәсіподақтар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған үрдістерінің басы-қасында болуы тиіс. Жолдауда халықпен тікелей байланыс орнату, азаматтарымыздың өтініштері мен арыздарына баса назар аудару сынды мәселер де айрықша көрсетілген», - деді.

Оның айтуынша, бүгінде Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік-еңбек саласында маңызды мәселелердің шешіміне жан-жақты қатысу үшін сараптамалық әрі ұйымдастырушылық әлеуетке ие. Федерация әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, жұмыс орындарын сақтау қызметін өзектендірді. Белгілі болғандай, қазіргі таңда 126 мыңнан астам меморандум бекітіліп, еліміз бойынша 2 миллион 292 мың жұмысшы қамтылды.

Ералы Тоғжанов жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру мәселесі жіті назарда екенін, бүгінде елімізде 199,6 мың жұмыс беруші 1,1 млн жұмысшының еңбекақысын өсіргенін жеткізді.

Айта кетейік, салтанатты жиын барысында кәсіподақтар қозғалысының дамуына зор үлес қосқаны үшін кәсіподақ мүшелерін, кәсіподақтар қозғалысының ардагерлерін, әлеуметтік әріптестерді марапаттау рәсімі өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Кәсіподақтары күні кәсіби мерекесіне орай саладағы қайреткерлерге ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ағыс хаты» табысталды.

Соңғы жаңалықтар