"ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінің ғасырлық тарихы
Орынбор. 1920 жылдың 13 тамызы.
Орынборда Ресей телеграф агенттігінің (РОСТА) Орынбор-Торғай бөлімшесі құрылды. Қазақстан аумағындағы бірінші ақпарат агенттігі
Ақпарат агенттігінің қызмет Кеңес билігінің жетістіктері жайлы ақпараттарды телеграф хабарламалары арқылы газеттерге жедел хабарландыруға негізделген еді.
Баспасөздің аздығын ескерген агенттік өзінің Қабырға газетін шығара бастады. Оны сол сәттегі өзекті ақпараттармен тұрғындар танысуы үшін адам көп жиналатын жерлерге іліп отырған.
Мәселен, 1921 жылдың 17 қазанында Қабырға газетінде Қырғыз (Қазақ) АКСР-дің ашаршылық нәубетінен ең қатты зардап шеккен Ақтөбе, Торғай, Орал, Орынбор губернияларының өкілдерімен сұхбат жарияланған.


ҚазРОСТА. 1925 жыл
1925 жылы Орынбор-Торғай бөлімшесінің атауы ҚазРОСТА болып өзгеріп, Қазақ АКСР-нің жаңа астанасы Қызылорда қаласына, одан кейін Алматы қаласына қоныс аударды.
Қазақстан Үкіметінің шешімімен облыстық атқару комитеттері атынан облыстар ҚазРОСТА-мен ақпараттық қызмет көрсету келісімшарттарын жасасқан. Бірақ, облыстық атқару комитеттері асыға қоймағандықтан Үкімет атқару комитеттерінің қарызын жабу үшін аталған ұйымға несие беруге мәжбүр болды.
1937 жылдан агенттік ҚазТАГ деп аталды және ТАСС-тың - Кеңес одағының телеграф агенттігінің құрамында болды.
1938 жылы Алматы облыстық НКВД басқармасы агенттік басшысы Аркадий Вятич-Кирилловты халық жауы ретінде қуғындап, ату жазасына кеседі. Баптары: РКФСР ҚК 58-1а, 58-11. Басқаша айтқанда "Отанға опасыздық" деуге болады. Мұндай айыптауға ұшырағандар мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесіледі немесе мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандығынан айырылады. Үкім "Жазаның ең жоғары шарасы" ретінде айтылатын. Аркадий Вятич-Кириллов өлгеннен кейін 1989 жылдың наурызында ғана ақталды.
Кезінде "халық жауы" ретінде қуғын-сүргінге ұшыраған публицист әрі аудармашы Хасен Өзденбаев ұзақ жылдар бойы ҚазТАГ-та жұмыс істеді. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың шәкірті 1938-1941 жылдары газетте жарияланған мақалалар үшін жауапкершілікке тартылып, сол үшін түрмеге отырды. Хасен Өзденбаев ұзақ жылдар бойы ҚазТАГ-тың аударма бөліміне басшылық жасады.
Хасен Өзденбаев
Идеология мәселесіне келгенде ҚазТАГ-тың қазақ бөлімшесі ерекше бақылауда болды. Мәселен, 1959 жылы Қазақстан компартиясы ОК-нің "Қазақ телеграф агенттігінің және "Социалистік Қазақстан" газеті редакциясының өрескел қателігі туралы" қаулысы шықты. Сол кезде ҚазТАГ-тың және "Социалистік Қазақстан" газетінің басшылары Бүкілодақтық энергетикалық құрылыс жөніндегі кеңестегі Хрущев сөзінің мәтінін толық жарияламағаны үшін жазаланды.
ОК қаулысы
1941 жылы Алматыда алғаш рет "Окна КазТАГ" пайда болды. Соғыстың алғашқы екі жылында ҚазИЗО баспасы 45 "Окна КазТАГ" жарыққа шығарды. Бұған қоса, Қазақстан КП (б) ОК тапсырмасымен суретшілер мен жазушылар бригадасы Қазақстанның индустриалды жүрегі Қарағанды қаласына барып, онда 17 "Окна КазТАГ" жарыққа шығарған еді. 1941-1942 жылдары "Окна КазТАГ" 300 данасы республика кеңшарларына жөнелтілді. "Окна КазТАГ" кестесіне Г.Брылов басшылық жасап, Ә.Қастеев, Л.Леонтьев, Ә.Ысмайылов сынды суретшілер қатысты.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы бірінші радиокөпірді ҚазТАГ жүргізді. Тың игеруге арналған бұл шараны ҚазТАГ-тың сол кездегі басшысы Жүсіп Алтайбаев ұйымдастырып, Америка тарапынан оған танымал әнші Поль Робсон қатысты. Бұл сол кезеңдегі техникалық мүмкіншіліктердің арқасында Қазақстан мен АҚШ арасында алғаш рет ұйымдастырылған радиокөпір еді. Сондықтан бұл оқиға ҚазТАГ тарихындағы үлкен жетістік саналды.
Жүсіп Алтайбаев бастаған ҚазТАГ ұжымы
60-шы жылдары Іле-Алатауының Талғар сілемі шыңдарының біріне "ҚазТАГ" атауы берілді. "ҚазТАГ" шыңының биіктігі 4 334 метрді құрайды. 1969 жылы ҚазТАГ-тың спорт журналисі Орал Гималұлы Қаймирасов, фотокорреспондент Анатолий Устиненко, сонымен қатар ЦСКА спорт клубы жанындағы жас альпинистер секциясының мүшелері аталған шыңға шықты.
ҚазТАГ шыңы
Бүкіл кеңестік ақпараттық кеңістіктегі бірінші жаппай наразылықтың жария етілуі де ҚазТАГ-пен байланысты. Атап айтқанда, 1986 жылы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы туралы бірінші ақпаратты ТАСС ҚазТАГ-қа сілтеме жасап жариялады. Соның арқасында бүкіл әлем Алматыдағы желтоқсан оқиғасы жайында білді.
Желтоқсан
Желтоқсан оқиғасына қатысты сот отырысынан ақпарат таратып, сурет жарияланғаннан кейін ҚазТАГ қызметкерлері қуғын-сүргінге ұшырады. Қайрат Рысқұлбеков бастаған Желтоқсан оқиғасына қатысқан 4 адамның суреті бейнеленген фотоның авторы Юрий Беккер болды. Кейінірек ол және агенттіктің директоры Жұмағали Ысмағұлов, сонымен қатар аталған ақпарат пен суретті жариялаған өзге де газеттердің басшылары жазаланды.
Ю. Беккердің сот залынан суреті
Совет кезеңіндегі агенттіктің жұмысы жайлы айтқан кезде ең алдымен ҚазТАГ-тың саяси құжаттар мен мемлекет басшыларының сөз сөйлеулерін қазақ тіліне аудару бойынша маңызды жұмыс атқарғанын, осылайша қоғамдық саяси ағартуға және саяси-публицистикалық қазақ тілін дамытуға үлкен үлес қосқанын атап өткен орынды. Журналистер «ҚазТАГ - саяси жаңалықтар штабы» дейтін. Қазақстандық БАҚ-тың басым бөлігі маңызды оқиғаларды жариялаған кезде ҚазТАГ материалдарын пайдаланатын.


Тәуелсіз Қазақстан: ҚазААГ, ҚазАқпарат
Агенттік Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы ең бірінші болып хабарлады. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларация қабылданғаннан кейін, 1991 жылдың шілдесінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Министрлер кеңесі жанындағы ақпарат агенттігінің атауын тек республика Үкіметіне ғана бағынатын Қазақ мемлекеттік ақпарат агенттігі - ҚазТАГ деп қайта атау туралы қаулы шығарды. 6 жыл өткеннен кейін ҚазТАГ базасында "Қазақ ақпарат агенттігі" ҚазААГ құрылды.
2002 жылы агенттік базасында "Қазақ ақпарат агенттігі" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы құрылды. Сол жылдың 22 қаңтарында агенттіктің порталы алғаш рет жұмыс істей бастады.
2002 жылы агенттіктің жаңа вебсайтында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жаңалықтар таратыла бастады.
ҚазАқпараттың ескі логотипі
2004 жылдың 14 ақпанында "ҚазАқпарат" ұлттық компаниясының қазақ бөлімшесі Қазақстанда алғаш рет латын әліпбиі негізінде мемлекеттік тілде жаңалықтар таратуды қолға алды. Негіз ретінде академик Әбдуәли Қайдар дайындаған латын графикасының үлгісі алынды. Кейіннен осы нұсқа мамандар арасында "ҚазАқпарат нұсқасы" деп аталып кетті.
Қазақ тіліндегі латын қарпінің ескі нұсқасы
2009 жылдан агенттік жаңалықтары төте жазумен мемлекеттік тілде таратыла бастады. Соның арқасында "ҚазАқпараттың" мемлекеттік тілдегі оқырмандары Қытай мен Иранда тұратын қазақтардың есебінен арта түсті.
ҚазАқпарат мақаласы төте жазумен
2005 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "ҚазАқпарат" ұлттық компаниясына келіп, оның ардагерлері мен қызметкерлерін ақпарат агенттігінің 85 жылдық мерейтойымен құттықтады. Президент "ҚазТАГ - 85 жыл: Тарих жылнамасы" фотокөрмесін тамашалап, ақпарат агенттігінің шығармашылық және техникалық қызметтерінің жұмысымен танысты.
Нұрсұлтан Назарбаев ҚазАқпаратқа келді. 2005 жыл
«Барлық уақытта да бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен құрметпен қарайтынымды білесіздер. Олардың арасында ҚазАқпарат шындығында да ерекше орынға ие», - деген еді журналистерді құттықтаған Нұрсұлтан Назарбаев.
«ҚазАқпарат» елдің бірінші тұлғаларының сөйлеген сөздерін ең бірінші болып жариялап, әлемдік қоғамдастықты Қазақстанның маңызды бастамалары жайлы хабарландырып отырады.
Айталық, 2010 жылдың 13 сәуірінде "ҚазАқпарат" таспасынан бүкіл әлемге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың:
«Ядролық сынақтардың сұмдығын толықтай бастан кешіріп, Семей ядролық полигонын жапқан және әлемдегі төртінші ракеталық-ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан Қазақстан МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтастықта ядролық қауіп-қатерді таратпау әрі оны төмендетудің жаһандық процесін сенімді жақтаушысы саналады», деген сөзі таралды.
Агенттік өңірде ең бірінші болып халықаралық мәртебе алды. 2015 жылдың желтоқсанында агенттік ISO 9001:2008 стандарты талаптары бойынша сапа менеджменті жүйесінің сертификаттауынан өтті.
2014 жылдың 14 наурызында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің қытай редакциясы құрылды. Осылайша, «ҚазАқпарат» қытай тілінде жаңалықтар тарататын Орталық Азиядағы жалғыз ақпарат агенттігіне айналды.
2019 жылдың қарашасынан "ҚазАқпарат" ХАА өзбек тілінде жаңалықтар тарата бастады. Бұл бастама Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында жүзеге асырылды.
Қазіргі сәтте "ҚазАқпарат" - бұл халықаралық деңгейдегі мәртебесін алған Қазақстандағы бірінші, жетекші мемлекеттік ақпарат агенттігі. Ол 100 жыл бойы саясат, экономика, білім, денсаулық, спорт, мәдениет және қоғам тыныс-тіршілігі туралы сенімді әрі жедел ақпарат көзі ретінде беделін мүлтіксіз сақтап келеді.
ҚазАқпарат арқылы Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет, өңірлік билік органдарының, ұлттық қаржылық және өнеркәсіп құрылымдардың қызметі туралы ресми ақпарат таралады.
2019 жылдың желтоқсанында бұған дейін жеке компания ретінде жұмыс істеген "Қазконтент" АҚ-пен бірігіп, "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігі" акционерлік қоғамы құрылды.
ҚазАқпаратта өзге отандық ақпарат агенттіктерінде жоқ тілшілер желісі бар. Елдің барлық аймақтарында 15 тілшілер пункті орналасқан. Ресей, Қытай, Түркия, Еуропа, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Таяу Шығыс елдерінде меншікті тілшілері бар. Бұл елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды жедел әрі шынайы таратуға мүмкіндік береді.
Бүгінде қазақстандық жаңалық тарататын интернет-ресурстар арасында ҚазАқпарат үздік ондықтың қатарына кіреді. Агенттік порталын пайдаланушылардың географиясы мен ауқымы таң қалдырады, ол 229 елді қамтиды. Бүгінгі таңда ҚазАқпарат әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізеді. Facebook, ВКонтакте, Twitter, Одноклассники, Instagram, әлеуметтік желілеріндегі арналар мен парақшаларына жазылушылардың жиынтық саны 300 000 адамнан асып түседі.
ҚазАқпарат ұжымы - бұл белгілі теле- және радиожурналистер, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаттары, халықаралық және аймақтық конкурстардың жеңімпаздары, құрмет атақтары мен сыйлықтарының иегерлері. ҚазАқпарат - OAНA Халықаралық ақпарат агенттіктері қауымдастығының (Тынық мұхиты және Азия елдері ақпарат агенттіктерінің ұйымы), ТМД елдеріндегі ұлттық ақпарат агенттіктері қауымдастығының (ҰААҚ), Түркі тілдес елдердегі ақпарат агенттіктері ұйымының (ТКА), ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымының, орыс баспасөзінің бүкіләлемдік қауымдастығының, Бүкіләлемдік газет қауымдастығының (WAN IFRA) мүшесі.


Медиа-агенттіктің серіктестері:
ТАСС (Ресей),
IRNA (Иран),
AGI (Италия),
ANSA (Италия),
YONHAP (Корея Республикасы),
МОНЦАМЭ (Моңғолия),
Anadolu Agency (Түркия),
Kyodo (Жапония),
Euronews SA,
MTI/DUNA (Венгрия),
БТА (Болгария),
BNA (Бахрейн),
НОВОСТИ-МОЛДОВА (Молдова),
АzәrTAc (Әзербайжан),
TREND (Әзербайжан),
ӨзА (Өзбекстан),
ARMENPRESS (Армения),
БелТА (Беларусь),
MENA (Египет),
Ufuqnews (Ауғанстан),
Синьхуа (Қытай),
Жеминь-Хуабао (Қытай),
China News Service (Қытай),
APP (Пәкістан),
EBС (Бразилия),
Télam - Agencia Nacional de Noticias (Аргентина),
XOBAR (Тәжікстан),
KABAR (Қырғызстан),
УкрИнформ (Украина),
Татар-Информ (Татарстан Республикасы),
Башинформ (Башқұртстан),
WAM (БАӘ),
VNA (Вьетнам),
Эльта (Литва),
Бүгінде "ҚазАқпарат" АҚ - бұл бірқатар медиа-жоба топтамасы:
www.inform.kz ақпарат агенттігі;
www.baigenews.kz ақпарат агенттігі;
www.baq.kz қазақ тілді ақпарат агенттігі;
www.strategy2050.kz "Қазақстан-2050" бағдарламасын ақпараттық қамтамасыз ету;
www.primeminister.kz ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты;
www.adebiportal.kz әдебиет порталы;
www.e-history.kz "Қазақстан тарихы" интернет жобасы;
www.el.kz (assembly.kz) ойын-сауық танымдық портал;
www.kaztube.kz видео-портал;
www.coronavirus2020.kz ҚР-дағы Covid-19 туралы ресми ақпарат.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат