Көне да жаңа
Нұр-Сұлтан
Астананың сәулеті – тәуелсіздік
жылнамасы
Ел астанасындағы көкпен таласқан ғимараттар, пошымы бөлек құрылыстар қазақ жанының сан қырлы қатпарын, қиялының асқақтығын көз алдыңа әкеледі. Суретке түсіп, өмірінің жарқын сәтін мәңгілікке мөрлегісі келген қалалықтар ыңғайлы орын іздеп әуре болмайды. Қаладағы әрбір ғимараттың өзіндік сәулеті, мазмұны бар. Кейде тіпті әлемнің әр бұрышындағы ең көрікті орындарды Еуразия кіндігіне әкеп тоғыстыра салғандай әсер сыйлайды. Осында талайдан бері тұрып келе жатқан көнекөздер үшін Нұр-Сұлтан –тәуелсіз Қазақстан дамуының куәсі, тірі жылнамасы. Күні кеше тың игерушілердің шағын ғана қаласы болған шаһар бүгінде алып мегаполиске айналған.
«Бәйтерек»
«Бәйтерек» бекерден-бекер астананың басты сәулет нысаны атанған жоқ. Ел астанасының Алматыдан Ақмолаға ауысуын бейнелейтін ерекше туынды бұл. Ал о баста бұл орында Целиноград әуежайының вокзалы орналасқан еді.
Кейін тың игеру кезінде әуежай қазір Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының орнына көшірілген. Ал бұрынғы әуежай кешені «Досааф» (Армияға, авиацияға және флотқа жәрдемдесудің ерікті қоғамы) ғимараты ретінде қызмет етті. «Бәйтерек» құрылысы 1996 жылдың 25 қазанында басталып, 2002 жылдың 30 тамызында аяқталды.
«Ақорда» Президент резиденциясы
Жаңа астананың қақ ортасында көркемдік мәні мен ауқымы бірегей сәулет ансамблі бой түзеді. Оның басты құрамдас бөлігі – Ақорда – ҚР Президентінің резиденциясы. Құрылысы 2001 жылы басталды. Жобаны Еуропа мен Қазақстанның белгілі сәулетшілері, оның ішінде атақты еуропалық дизайнерлер М.Гуалаци мен А.Мольтени жүргізді. Жаңа Резиденцияның ресми тұсаукесері 2004 жылғы 24 желтоқсанда өтті.
Бейбітшілік және келісім сарайы

Елорданың сәнін арттырған Бейбітшілік және келісім сарайы. Бұл нысан «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының конгресін» өткізу үшін арнайы салынған. Сәулетін Сэр Норман Фостер кескіндеген. Құрылысы 2006 жылы аяқталды.

«Бейбітшілік және келісім сарайын» салу – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төл идеясы. Нысан 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада өткен Бірінші «Әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндер съезінде» таныстырылды. Содан бері пирамида дінтану мен діни төзімділіктің орталығына айналды.

«QAZAQSTAN» орталық концерт залы
«Шөлдегі гүл». Әйгілі дизайнер Манфреди Николетти өз туындысын осылай атады. Музыка мен әсем табиғаттың үндестігін үйлестіретін концерт залының авангардтық бейнесі әсем астананың рухын бейнелейді.
Елордада өтетін ең бір жарқын музыкалық кештер мен салтанатты шараларды қала тұрғындары мен қонақтары әлемдегі ең үлкен концерт залдарының бірі – QAZAQSTAN орталық концерт залынан тамашалайды. Бірегей кешенді салу идеясын да Елбасы ұсынған. Нысанды Тұңғыш Президент Тәуелсіздік күніне орай 2009 жылы 16 желтоқсанда ашты.
«Әзірет Сұлтан» мешіті
Ғимарат қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерін қолдана отырып, классикалық ислам стилінде салынған. Бір мезетте бес мың адам, мереке күндері 10 мың адамға дейін мінәжат ете алады.
Құрылысы 2009 жылдың маусым айында басталған «Әзірет Сұлтан» мешіті рухани тыныштық іздеген жандар үшін ұйық мекен іспетті. Мешіт 2012 жылдың 6 шілдесінде елорданың бірегей нысандарының тізімін толықтырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша мешіт «Әзірет Сұлтан» атанды.
«Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы
Елорданың ойын-сауық нысандары туралы айтсақ, әлемдегі ең үлкен шатыр саналатын «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының орны бөлек. Бұл туристер ең көп бас сұғатын нысандардың бірі. Ғимарат 2010 жылдың 6 шілдесінде ашылды. «Хан Шатыр» Гиннестің рекордтар кітабына да енген.
Бұл ғимарат әлемдік деңгейдегі шоппиң мен ойын-сауықты бір шаңырақ астында біріктіретін астанадағы алғашқы және жалғыз лайфстайл-орталық деп есептеледі.
Атақты британдық сәулетші Лорд Норман Фостер жобалаған «Хан Шатыр» әлемдегі бірегей шатыр пішінді ең ірі ғимарат ретінде танымал.
«Астана Опера» опера және балет театры
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы ашылған «Астана Опера» опера және балет театры – елордадағы басты мәдени нысандардың бірі.
Мұнда Миланның Ла Скала театры, неаполитандық «Сан-Карло», генуэзиялық «Карло Феличе», Париж ұлттық операсы, Санкт-Петербургтегі Мариин театры және т.б. ұжымдар гастрольдік сапармен келген. ЭКСПО-2017 аясында Пласидо Домингоның ХХV халықаралық «Опералия» вокалистер байқауы өтті.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қоры
Елорда орталығындағы тағы бір қызықты ғимаратта «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры» – елдегі ең ірі коммерциялық емес қор орналасқан. Оның қызметі барлық жобаларды кәсіби басқару мен жүйелі жүргізуге негізделген.
Қор 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған. Бүгінде ұйым бастама авторының адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және қазақстандықтардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған идеяларын мақтанышпен іске асырып отыр.
Шабыт: Қазақ ұлттық өнер университеті
Қазақ ұлттық өнер университетін рух бесігі немесе ұлттық кәсіби музыкалық білім мен мәдениеттің, өнердің орталығы десе де болады. Білім ордасы талантты музыканттардың, хореографтардың, өнертанушылардың, мәдениеттанушылардың, кітапхана қызметкерлері мен педагогтардың үздік буынын тәрбиелеп келеді.
ЭКСПО
Сөз соңында, әрине, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жүрегі болған – «Нұр Әлем» сфералық ғимаратын атап өткен жөн. Көрме Қазақстан астанасында 2017 жылғы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтті. Тақырыбы – «Болашақ энергиясы». ЭКСПО-2017 көрмесіне 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, 4 миллионға жуық адам келді. Олардың 500 мыңы шетелдік еді.
Көрменің басты нысаны биіктігі 100 метр, диаметрі 80 метр болатын «Нұр Әлем» ғимараты болды. «Нұр Әлем» Стокгольмдегі диаметрі 30 метр болатын Эрикссон-Глобус аренасынан кейінгі сфералық пішіндегі ең биік ғимарат болып саналады.
Мұрағаттан алынған суреттердің арасынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЭКСПО-2017 кешенінің капсуласын салған сәтін де ұсынып отырмыз.