«Майданда атылған он оқтың тоғызы Қазақстан жерінде шығарылған қорғасыннан құйылды»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстанның фашизмді жеңуге қосқан үлесі жайлы
Қазақстан фашизмді жеңуге үлкен үлес қосты. Қазақстандық жауынгерлер соғыстың алғашқы сағаттарында-ақ өз батылдығын көрсетті. Олардың қатарында қазақстандықтар арасынан Кеңес Одағы батыры атағын бірінші болып алған К. Семенченко, сонымен қатар, Р. Хабибулин, А. Байжігітов, Г. Жұматов, В. Фурсов бар. Соғыстың соңында, 1945 жылдың 30 сәуірінде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев қатардағы сарбаз Григорий Булатовпен бірге Рейхстаг ғимаратының алдына кеңес туын тікті.
Қазақстан әскерді жабдықтауда маңызды рөл атқарды. Майданға 1500 вагон киім және азық-түлік, мың жауынгерлік снаряд пен оқ жіберілді. Соғыс жылдарында Қазақстан кәсіпорындары жеңіске жету үшін майданға қажетті әртүрлі өнімдерді шығарды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «МИР» телеарнасына берген сұхбатынан:
"Соғыстың алғашқы айларында Қазақстанға Ресей, Украина, Беларусьтің басып алынған өңірлерінен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар көшірілді. Олар - түсті металлургия, жеңіл, тамақ, тоқыма өнеркәсібі кәсіпорындары болатын. Қазақстанға жалпы 220 зауыт пен фабрика орналасты. Неге бұл рөл Қазақстанға бұйырды? Менің ойымша, бұл жерде бірнеше маңызды фактор шешуші рөл атқарды. Ең алдымен, республиканың өнеркәсіптік-индустриялық әлеуеті. Табиғи ресурстардың болуы Қазақстанда соғысқа дейін қуатты отын-энергетикалық және шикізат базасын құруға мүмкіндік берді".
Соғыс жылдары Семей тұрғындары көшірілген өнеркәсіп кәсіпорындарын іске қосуға елеулі үлес қосты. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің шешімі бойынша облысқа «Большевичка Украины» Харьков тігін фабрикасы, Полтава иіру фабрикасы, Володарский атындағы тігін фабрикасы, Киев аяқ киім фабрикасы, Осташков былғары зауыттары мен «Пролетарий», Петр Алексеев атындағы, Карел-фин шұға фабрикаларының жабдықтары эвакуацияланды және техниканың бір бөлігі Киев және Воронеж құрама жем зауыттарынан, Азов шұлық және аяқ киім фабрикасынан әкелінген. Сонымен қатар, қаланың әрбір тұрғыны қиын жылдары эвакуацияланған кәсіпорындарды іске қосуға көмек көрсетуді өз парызы деп санаған.
Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ Ақмола өлкесінің тыл еңбеккерлері өз өмірін толығымен ел қорғанысына арнады. 1941 жылдың қыркүйегінде Ақмолаға Мелитополь станок жасау зауытының жабдықтары келді. Жаңа жерде бұл кәсіпорын №317 зауыт болып есепке алынды. Зауытпен бірге қалаға директор Н. А. Муравьев бастаған 165 мелитопольдік жұмыскер келді. Олардың қатарына жергілікті жұмысшылар қосылды. Негізгі цехтар педагогикалық техникум ғимаратында орналасты. Мұнда 45 миллиметрлік жарықшақты снарядтар, миналар мен гранаталар шығарыла бастады. 1941 жылғы 20 қарашада алғашқы өнім – жарықшақты снарядтар партиясы өндірілді.
Солтүстікқазақстандық «ЗИКСТО» АҚ зауыты соғыс жылдары Әскери-теңіз флоты мен Қарулы Күштер үшін қару-жарақ шығарды. Соғыс басталғаннан кейін, 1941 жылдың тамыз айында «Парострой» мемлекеттік қазандық зауыты Петропавлға көшірілді. Қазақстанның солтүстігіне алғашқы 240 жұмысшы эвакуацияланды. 18 қыркүйек күні бірінші станок іске қосылды. Қараша айының соңында зауыт Петропавлға толығымен көшірілді. Кәсіпорында Әскери теңіз флоты және Қарулы Күштерге арналған қару-жарақ өндіріледі.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Оралға көшірілген кәсіпорынның бірі – қазіргі «Орал «Зенит» зауыты» АҚ. 1941 жылы Орал қаласына көшірілген кәсіпорын құпия түрде «231-зауыт», «38-пошта жәшігі» деп аталды. Архивтік құжаттарға қарағанда, кеме құрылысы өнеркәсібі халық комиссариаты жүйесіне кіретін №231 зауыт Эвакокеңестің қаулысына сәйкес Ленинградтан көшірілген. Адамдардың бастапқы легі мен жабдықтар 1941 жылғы қыркүйектің алғашқы жартысында, негізгі құрам екінші жартысында келген. 1942 жылдың 1 қаңтарында зауытта 178 түрлі станоктар мен басқа жабдықтар болған. Жұмысшылар мен қызметшілер саны – 709 адам. Зауыт бұрын Орал өзен пароход шаруашылығының Чапаев атындағы затонына қараған орындарда, осындағы орта мектепте, сондай-ақ облыстық автомобиль басқармасының бұрынғы ғимараттарында орналасты. Зауыттың өндірістік алаңы – 10 мың шаршы метр.
Алматы ауыр машина жасау зауытының (ААМЖЗ) тарихы 1941 жылдың қарашасынан басталады. СССР-дің еуропалық бөлігінен көшірілген жүздеген зауыттардың арасында Луган паровоз жасау зауытының үш цехы болған. Олардың базасында ААМЖЗ құрылды. 1942 жылдың ақпанында құрылғылар жөнделіп, іске қосылса, наурызда майданға қорғаныс өнімдері – оқ-дәрілер шығарыла бастады. 1941 жылдың 10 желтоқсанында 132 станок және 200 мотор жеткізілді. Зауытта білікті мамандар жетіспегендіктен 100 адам әкелінді. Зауыттың негізгі өнімі - артиллериялық снарядтар, ірі калибрлі миналар, ірі бетонды авиабомбалар және басқа да оқ-дәрілердің түрлері.
Соғыс жылдары Қарағанды облысында алты эвакуациялық госпиталь жұмыс істеді, соның ішінде төртеуі қалада болды. Олар әлі күнге дейін бар. Қалада госпитальдер ашуға ең жақсы ғимараттар – фельдшерлік-акушерлік мектеп, мұғалімдер даярлайтын институт, қалалық партия комитетінің бұрынғы ғимараттары, «Карагандауголь», «Шахтострой» комбинаттары, «Сортировка» теміржол стансасының клубы берілді.
Соғыс жылдарында СССР ауыр өнеркәсібі өнімдерінің төрттен бір бөлігі Қарағанды облысында шығарылды. Фашистер басып алған аумақтардағы көптеген ірі кәсіпорындар осы аймаққа көшірілген еді. Архив мәліметтеріне сәйкес, соғыс жылдары Қарағанды облысына 23 мыңға жуық адам қоныс аударды.
Қазақстан сол жылдары майданды керек-жарақпен қамтып қана қоймай, идеологиялық қолдаудың мәдени орталығы болды. 1941-1944 жылдары Алматыда Орталық бірлескен киностудия (ОБКС) жұмыс істеді. Оның құрамына жаңадан құрылған Алматы көркем фильм киностудиясы (бұған дейін мұнда «Союзкинохроника» Алматы киностудиясы ғана болды) мен Қазақстанға көшірілген «Мосфильм» мен «Ленфильм» кірді. ОБКС алғашқы директоры болып Михаил Тихонов тағайындалды. ОБКС қазіргі Төле би – Қалдаяқов көшелерінің қиылысындағы Жамбыл атындағы филармония ғимаратында орналасты.
Қазақстандық операторлар сұрапыл соғыстың басты оқиғаларын таспаға түсіріп отырған. Майданға сарбаздармен бірге кинооператорлар да аттанды. Олар ең қауіпті аймақтарда жұмыс істеп, батылдық пен төзімділік үлгісін көрсетті. Соғыс алаңынан хабар таратқан 258 оператордың 34-і елге оралмады. Олардың арасында Иван Чикноверов, Эмир Файк, Яков Смирнов және Борис Пумпянский секілді қазақстандық операторлар да болды. Эмир Файк – ҚазССР еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Қызыл Жұлдыз» (1942 жыл) және «Отан соғысы» (1944 жыл) ордендерімен марапатталған.
«ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі ТМД елдері ақпарат агенттіктерімен ынтымақтастық аясында видеоролик-экспозиция жасауға қатысты. Жобада Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің мемлекеттік ақпарат агенттіктері ұсынған 90-нан астам естелік кадр бар.