Қызылордада «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолының құрылысына байланысты республикалық штабтың көшпелі мәжілісі болып өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Кеше Қызылорда облыстық әкімдігінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» күре жолының құрылысына байланысты республикалық штабтың көшпелі мәжілісі болып өтті. Оған Көлік және коммуникация вице-министрі Дулат Көтербеков пен басқа жауапты мекеме және мердігер компаниялар басшылары қатысты.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының қолдауымен қолға алынған іргелі жобаны жүзеге асыруға барынша көңіл бөлініп отыр. Алып жол құрылысының Сыр өңірінің үстінен өтетін бөлігіндегі атқарылатын жұмыстар барысына облыс басшылығы тарапынан баса назар аударылуда.
Көлік және коммуникация вице-министрі ұзындығы 5847 шақырымды құрайтын трансқұрлықтық дәліздің құрылысына байланысты бүгінгі таңда нақты істер қолға алынған деді. Бұл мақсатта түрлі қаржы көздерінен ақша уақтылы бөлініп отыр. Сондықтан жол құрылысын дер мезгілінде сапалы атқарып шығуға барлық мүмкіндік бар.
Республикалық автокөлік жолдары комитеті облыстық департаментінің директоры міндетін атқарушы Шанжархан Мырзабай күре жол құрылысы бойынша қазірге дейін атқарылып жатқан жұмыстар жайлы хабарлама жасады. Облыс көлемінде бас-аяғы 817 шақырымға созылатын халықаралық транзит дәлізінің 242 шақырымы бірінші техникалық, 575 шақырымы екінші деңгейге жеткізіледі. Соңғы деректер бойынша облыс көлемінде 336 шақырым жоғарғы құнарлы жер төсемі алынды. Жалпы ұзындығы 107 шақырым айналма жолдар салынды. Бүгінгі күнге дейін 4229 мың текше метр жер төсемі төселді. Сондай-ақ, 32 су өткізетін құбырлар орнатылды. Жол-құрылыс материалдарын дайындау қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, 810 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы мен 691 мың тонна қиыршық тас дайындалды. Алып құрылысқа барлығы 1738 техника жұмылдырылған.
Жол салу аймақтың дамуына елеулі әсерін тигізіп отыр. Жоба қолға алынғалы бері облыста бірқатар жаңа өндіріс орындары тұсауын кесті. Олардың қатарында «Шалқия» кен орнындағы қиыршық тас шығаратын зауыт пен УАД ЖШС-нің битум зауыты секілді орындар бар. Қазірге дейін жоспарланған 20 асфальт-бетон зауытының 8-і жұмыс жасауда. Жобаны жүзеге асыру барысында 15171 адам еңбекпен қамтылды. Оның жартысынан астамы жергілікті тұрғындар болып табылады.
Осыдан кейін облыс көлемінде жұмыс жүргізетін «Салини», «Аккорд-Окан», «Импреза» және «Тодини» компанияларының басшылары Арнальдо Ди Верджило, Явуз Уйсал, Мастрочинкуе Микеланжело, Алманьо Фабио өздерінің атқарып жатқан жұмыстары жөнінде тілге тиек етті. Көлік және коммуникация министрлігінің вице-министрі аталған компанияларға байланысты бірқатар сын-ескертпесін жасады. Атап айтқанда, шетелдік мердігерлер тарапынан бірқатар кемшіліктер орын алған. Кейбір компаниялар өздеріне бекітілген аумақтағы жұмыстарды мерзімінен кешіктіріп атқарып келеді. Бұл келеңсіздік «Импреза» және «Аккорд-Окан» компанияларына тән құбылыс. Вице-министрдің «Импреза» компаниясы басшысына «Бүгінгі күні уақытынан кешіктірілген жұмысты қашан орнына келтіресіз» деген сауалына нақты жауап бола қойған жоқ. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданының аумағында жол салып жатқан итальяндық «Тодини» компаниясы тарапынан да кеткен олқылықтар бар. Нақтылай айтқанда, олар жұмысшыларға әлеуметтік жағдай жасауға байланысты кемшіліктерге жол берген. Вице-министр бұл мәселе әрдайым басты назарда ұсталатынын жеткізді.
Мәжіліс соңында Д.Көтербеков келешекте еліміз үшін ең маңызды көлік дәлізіне айналатын жол құрылысы өз деңгейінде атқарылатынын айтып өтті. Осы мақсатта құзырлы орындар тарапынан бақылау жасалып отырады. Осындай талаптар бойынша жұмыс жүргізе алмаған компанияларға тиісті шаралар қолданылады.