2018 жылдың 16-19 қаңтары аралығында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары өтті. «ҚазАқпарат» ХАА осы сапардың хронологиясын ұсынады
2017 ЖЫЛ. ҚАРАША АЙЫ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті. Онда Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевты ресми сапармен АҚШ-қа шақырды.

2018 жылдың 16-19 қаңтары аралығында Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары өтті.
ЕЛБАСЫНЫҢ ВАШИНГТОНҒА РЕСМИ САПАРЫ БАСТАЛДЫ.
ВАШИНГТОН қаласы. Эндрюс әуе базасы (Вашингтон уақытымен 15 қаңтар. 18:00)
ВАШИНГТОН УАҚЫТЫМЕН КҮНДІЗГІ САҒАТ 12-00
АҚШ Президенті Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевты Ақ үй алдында қарсы алды.




Қарсы алу рәсімінен соң Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйдегі Рузвельт кабинетінде Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды



Ақ үйдегі АҚШ Президентінің жұмыс кабинетінде (Сопақша Зал - ағыл. Oval Office) Назарбаев пен Трамп кездесуі өтті. Оған америкалық және қазақстандық БАҚ өкілдері қатысты.



Мемлекет басшылары кездесу қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына бірлескен мәлімдеме жасады

Нұрсұлтан Назарбаев:
Бұл сапарым қазақстандық-америкалық қарым-қатынасты екі халық пен елдің игілігі үшін кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеретіндігіне сенімім мол. Сондықтан Астана мен Вашингтонның өзара қарым-қатынасындағы жаңа дәуірге бастамашы болатын бірлескен саяси мәлімдеме қабылдаймыз.

Дональд Трамп:
Сіз ел тізгінін ұстағалы маңызды жұмыстар атқардыңыз. Ақ үйде Сізді қабылдау мен үшін абырой. Менің шақыртуымды қабылдап, осында келгеніңіз үшін алғыс айтамын.

Назарбаев пен Трамп жұмыс түскі асы форматында кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.
Нәтижесінде АҚШ пен Қазақстан арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы саяси мәлімдеме қабылданды:



Президент Н.Назарбаев Президент Д.Трампқа қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді және оны келешекте Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Екі көшбасшы Қазақстанның тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және егемендігін, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен өркендеу ісін ілгерілетудегі рөлін құптады.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған кезден бастап Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқынын мойындай отырып, көшбасшылар саясат пен қауіпсіздік, сауда мен инвестициялар жөніндегі ынтымақтастықты, сондай-ақ екі ел халықтары арасындағы байланыстарды Кеңейтілген стратегиялық әріптестік комиссиясы аясында жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер өткізу арқылы нығайтуға шешім қабылдады. Екі мемлекеттің басшылары «C5+1» диалогы сияқты өңірлік ынтымақтастық форматтарын пайдалану арқылы Орталық Азиядағы ортақ сын-қатерлерге төтеп беруге дайын екендіктері туралы мәлімдеді. Сондай-ақ, болашақта Ауғанстанның «C5+1» жобаларына қатысуын да құптады. Олар Ауғанстандағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге және өңірдің саяси және экономикалық байланыстарының одан әрі дамуына ықпал ететін бастамаларды ілгерілетуге қол жеткіземіз деп шешті. Екі ел көшбасшылары заң үстемдігі мен адам құқықтарын сақтай отырып, зорлық-зомбылық экстремизмі мен халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін ынтымақтастықты тереңдетуге әзір екендіктерін білдірді.

Халықаралық көшбасшылық мұрасы

Президент Д.Трамп 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің сайланған мүшесі ретіндегі Қазақстанның жаһандық көшбасшылығын атап өтті. Ол 1992 жылы ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартқаннан бастап, таратпау ісіне күш салып келе жатқан халықаралық көшбасшы ретіндегі Қазақстанның мұрасын және ядролық қауіпсіздік жөніндегі қазіргі міндеттемелерін күшейтуін, сондай-ақ химиялық қарудың таратылуы мен қолданылуына жол бермеу шараларын күшейтуді жуырда қолдағанын жоғары бағалады. Екі көшбасшы Корей Халық Демократиялық Республикасының ядролық және зымырандық бағдарламаларын қоса алғанда, жаппай қырып-жоятын қарудың заңсыз таралуын айыптады. Екі ел Президенттері ядролық байыту технологияларының таралу қаупін азайтуға бағытталған МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің таяуда Қазақстанда ашылуын құптады.

Өңірлік қауіпсіздік

Президент Д.Трамп Ауғанстанға тұрақты логистикалық жәрдем беру мен жол ашу, сондай-ақ гуманитарлық көмекті күшейтуге үлес қосу арқылы АҚШ-тың Оңтүстік Азия жөніндегі стратегиясын қолдауға Қазақстанның берік бейілдігі үшін Президент Назарбаевқа ризашылығын білдірді. Екі көшбасшы ауғандардың өз басшылығымен және күш-жігерімен жүретін бейбіт процес қана Ауғанстанға тұрақтылық пен қауіпсіздік әкелетінін растады. Президент Д.Трамп ауған қауіпсіздік күштерін қолдауға арналған Қазақстанның бұған дейінгі қаржылық жарналарын атап өтті. Президент Назарбаев ауыртпалықтың әділ бөлінуін мақұлдай отырып, Ауғанстанның қауіпсіздік проблемасын шешуге қосымша қолдау көрсетуге әзір екенін тағы да растады. Ол, сондай-ақ, Ауғанстан әйелдерінің жағдайын жақсартуға ерекше назар аудара отырып, АҚШ-пен ынтымақтастық аясында азаматтық және құқық қорғау мамандықтары бойынша Қазақстанда ауғандықтарды даярлау бағдарламасын кеңейтуді ұсынды. Екі көшбасшы Ауғанстанның көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобаларға Қазақстанның қатысуын құптады. Сирияға қатысты, тараптар зорлық-зомбылық шиеленісінің оң шешім табуына қол жеткізуге және БҰҰ қолдауымен Женева бейбіт процесі аясында қақтығысты саяси жолмен реттеу негізін нығайтуға бағытталған дипломатиялық бастамаларды құптады.

Қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық

Екі мемлекеттің көшбасшылары өңірлік қауіпсіздікті қолдау үшін ынтымақтастық, өзара ықпалдастық, қол жеткізу және логистикалық маршруттарды кеңейтуге арналған бірқатар келісімдер жасасуға ниет білдіре отырып, қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы екіжақты қарым-қатынастарды тереңдетуге дайын екендіктерін мәлімдеді. Екі көшбасшы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен АҚШ Қорғаныс министрлігі арасындағы әскери ынтымақтастықтың төртінші бесжылдық жоспарына қол қойылғанын атап өтті. Президенттер интернет арқылы жасалатын электрондық коммерция және қылмыс қаупіне қарсы жаһандық ынтымақтастыққа негіз болатын Киберқылмыстар туралы конвенцияға қосылуға Қазақстанның қызығушылығын зерделеуге дайын екендіктерін айтты. Мұндай көпжақты форматтарға қатысу халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы күресу үшін құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды нығайтатын болады.

Экономикалық ынтымақтастықты нығайту

Президент Н.Назарбаев және Президент Д.Трамп екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайтуға, екі елде де жұмыс орындары мен мүмкіндіктер ашуға бағытталған әділ және өзара тиімді экономикалық әріптестікті ілгерілетуге әзірліктерін білдірді. Президент Н.Назарбаев Қазақстан экономикасындағы Америка Құрама Штаттарының жетекші инвестор ретіндегі рөлін атап өтті. Президент Д.Трамп келешекте халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысудың бұлжымас шарты болып табылатын, Қазақстан тарапынан Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы міндеттемелерді орындаудың, әділ еңбек қатынастарды қолдаудың, келісімшарттардың мызғымастығын қамтамасыз етудің және зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап өтті.

Президент Д.Трамп Қазақстанның әртараптандырылған және инновациялық экономиканы дамыту жөніндегі өршіл жоспарларын құптап, АҚШ-тың қаржылық даму институттарының Қазақстанға инвестициялар тартуға мүдделілігін атап өтті. Екі көшбасшы тұрақты әрі қалыпты сауда қатынастарын дамыту үшін заңнамалық шараларды қолдайтындықтарын мəлімдеді жəне Қазақстанға бұл мəртебені беру екіжақты сауда байланыстарын одан əрі нығайтуға жәрдемдесетінін атап өтті. Екі мемлекет басшылары мұнай-газ, ядролық қаруды таратпау және бейбіт ядролық даму салаларын қоса алғандағы екіжақты энергетикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын Энергетика саласындағы стратегиялық диалог деңгейін көтеруді белгілеп берді. Көшбасшылар цифрлық экономика, денсаулық сақтау, коммерциялық авиация, қаржы, банк ісі, ауыл шаруашылығы және ғарышты зерттеу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Президенттер Орталық Азиядағы Сауда және инвестициялар жөніндегі негіздемелік келісімге (TIFA) өздерінің бейілдігін растады және Ауғанстанның болашақта TIFA Кеңесінің кездесулеріне қатысуын құптады. Қазақстан және Құрама Штаттар Қазақстандағы қоршаған ортаға төнетін қауіптерді бағалап, табиғи апаттар қатерін азайту үшін ғарыштық технологияларды пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отыр. Көшбасшылар, сондай-ақ, Қазақстан экономикасы үшін қандай-да бір оқыс жағдайларды болдырмау мақсатымен санкциялар мәселелері бойынша кеңесіп отыруға ниетті екендіктерін білдірді. Соңында Президент Д.Трамп Н.Назарбаевты Қазақстанның экономикалық әлеуетін паш еткен, аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасатын «ЕХРО-2017» көрмесінің табысты өтуімен құттықтады.

Адами өлшем

Президенттер адам капиталын дамытуға деген ұмтылыс екі елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне қолдау болатын болашаққа деген инвестициялар екенін мойындады. Көшбасшылар екі ел арасындағы дипломатиялық және консулдық байланыстарды кеңейтуді жөн көрді. Президент Д.Трамп Қазақстанның ағылшын тілін меңгеру деңгейін көтеруге бағытталған бастамасын құптап, Қазақстан мектептерінде ағылшын тілін оқыту бағдарламаларын жетілдіру үшін көмектесуге дайын екенін білдірді.

Ары қарай



Қазақстан Президенті «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесті



Елбасы инвестиция саласындағы қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Ал Р.Уошберн алдағы уақытта Қазақстанның «Kazakh Invest» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылатынын айтты.




Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен жүздесті
Кездесуде тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты.
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫНЫҢ ІСКЕР ТОПТАР ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Нәтижесінде авиация және ғарыштық зерттеулер, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған 7 миллиард долларға жуық қаржы көлеміндегі инвестиция және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұдан бөлек, сапар барысында 3 үкіметаралық келісім жасалды.

Кездесу соңында авиация мен ғарыштық зерттеу, мұнай химиясы мен ауыл шаруашылығы, сонымен қатар инфрақұрылымдық даму салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған құны шамамен 7 млрд долларды құрайтын инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылды. Мәселен, шамамен 1,5 млрд долларға авиация және ғарыштық зерттеу саласындағы техникалар мен қызметтерді сатып алу жөніндегі келісім жасалды. Ал АҚШ-тың Шетелдік жеке инвестициялар корпорациясымен, Опенхаймер және Голдман Сакс компанияларымен бірлескен инвестициялық жобалар мен сауда операцияларын қаржыландыру құжатының сомасы 3 млрд долларды құрайды. Сонымен қатар темір жол секторының жобалары бойынша Дженерал Электрик Корпорейшнмен 1 млрд доллардан астам сомаға келісімшарт рәсімделді.

Ары қарай
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ МАЙКЛ ПЕНСПЕН КЕЗДЕСТІ

Нұрсұлтан Назарбаев пен Майкл Пенс Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастарды нығайтып, одан әрі кеңейте түсудің маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтоннан Нью-Йорк қаласына келді. Онда Президенттің БҰҰ ҚК «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» жоғары деңгейлі пікірталасына қатысуы жоспарланған. Сапар аясында Елбасы америкалық бірқатар алпауыт компанияның басшыларымен жүздесті. Атап айтқанда, Президент «Nasdaq» компаниясының президенті Адина Фридманмен кездесті.




Тараптар бірлесе жұмыс істеудің және Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін ұзақ мерзімді байланыстар орнатудың маңыздылығын атады.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ «GOLDMAN SACHS» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ХАРВИ ШВАРЦПЕН КЕЗДЕСТІ


Онда «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Goldman Sachs» компаниясының одан әрі ынтымақтасу мәселелері талқыланды.


«ExxonMobil» компаниясының бас атқарушы директоры Даррен Вудспен кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан мен.



«ExxonMobil» компаниясы арасында мұнай-газ саласында қалыптасқан экономикалық серіктестікті айрықша атап өтті.

18-ҚАҢТАР КҮНІ КЕШКІСІН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЛИНКОЛЬН ОРТАЛЫҒЫНДА
ӨТКЕН «АСТАНА БАЛЕТ» ТЕАТРЫНЫҢ КОНЦЕРТІНЕ БАРДЫ

«Астана Балет» театры «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы «Қазақстан – Астана Балет. Гала» бағдарламасын ұсынды. Америкалық көрермен концертті зор сүйіспеншілікпен тамашалады.

(НЬЮ-ЙОРК УАҚЫТЫМЕН 18-ҚАҢТАР, САҒАТ КҮНДІЗГІ 10-00)

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы басталды. Отырыс тақырыбы - «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары».

Мемлекет басшысы жиынға қатысқаны үшін БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришке, Польша Республикасының Президенті А.Дудаға және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше басқа да елдердің делегация басшыларына ризашылық білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіне сәйкес, сөзді БҰҰ-ның Бас хатшысы А.Гутерришке берді.

Одан соң Елбасы Н.Назарбаев Кеңес мүшелеріне арнап мәлімдеме жасады


Құрметті Бас хатшы мырза!

Құрметті Кеңес мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

Сіздермен осы тақырыптық брифингте жүздескеніме қуаныштымын.

Біз Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын және бүгінгі төрағалық қызметімізді әлемдік қоғамдастықтың елімізге және оның бейбітшіл саясатына деген сенімі деп білеміз.

Біз бұл мәртебелі қызметтегі Орталық Азияның бірінші мемлекеті болып отырмыз. Осыған орай Дүниежүзілік ұйымның бұл маңызды органындағы өңір халықтарының «үніне» айналдық.

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің бірінші жылы өтті.

Біз Кеңестің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге қатысу барысында барынша белсенді, конструктивті және әділ болуға тырыстық. Ауғанстан/«Талибан», ИЛИМ/ДАИШ, «әл-Каида» және Сомали/Эритрея жөніндегі комитеттерді басқара отырып, олардың жемісті қызмет етуіне өз үлесімізді қосып келеміз.

Кеңестің барлық мүше-мемлекеттеріне берік ынтымақтастығы үшін ризашылығымды білдіремін.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Бүгінгі жиын - Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығы барысындағы негізгі шара. Ол жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптардың біріне арналып отыр.

Бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолындағы сенім шаралары шиеленістің алдын алу және маңызды жаһандық проблемаларды шешу кезінде негізгі рөл атқарады.

Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясының мінберінен Азиядағы қауіпсіздік және сенім шаралары жөніндегі өңірлік құрылым құру туралы ұсыныс айтқан болатынмын.

Тынымсыз дипломатиялық жұмыстың нәтижесінде бұл механизмді құруға қол жеткізілді.

Бүгінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі өңірдегі 26 мемлекетті біріктіріп, табысты жұмыс істеуде.

Міне, ширек ғасырдан кейін тағы да Біріккен Ұлттар Ұйымында Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның атынан сөйлеп тұрмын.

Алайда, жекелеген елдер арасында да, жаһандық деңгейде де өзара сенімді арттыру мәселесінің әлі де күрделі екенін және оның күннен-күнге өзекті бола түскенін айтуға мәжбүрмін.

Сенім шаралары жаһандық қауіпсіздікті қолдаудың, бүкіл планета көлемінде бейбітшілікті нығайтудың аса маңызды элементі ретінде күн тәртібінен түспеуге тиіс.

Неліктен?

Біріншіден, сенім шаралары бүкіл адамзатқа жаңа жойқын соғыс қатері төнген ХХ ғасырдың екінші жартысында жаппай жойылу қаупінің алдын алу кезінде өзін-өзі ақтады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысында «Біздің басты міндетіміз - келер ұрпақты соғыс өртінен құтқару» деп жазылған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі ширек ғасыр ішінде менің елім қарқынды даму жолынан өтті.

Дүние жүзіндегі ең ірі Семей ядролық полигонын жауып, ядролық арсенал бойынша әлемдегі төртінші елден қаруды таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстың көшбасшына айналдық.

Ядролық қару мен ядролық держава мәртебесінен бас тарту біздің саналы әрі шынайы таңдауымыз болды. Бұл Қазақстанның барша халқы қолдап, әлемдік қоғамдастық лайықты бағасын берген ерікті қадамы еді.

Бүгінде еліміз ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық келісімдердің қатысушысы болып отыр.

Біз ядролық қаруы жоқ мемлекет ретіндегі мәртебемізді заңды түрде бекіттік.

Екіншіден, өзара сенім жағдайы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыруға септігін тигізеді.

МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің ашылуы - осы ынтымақтастықтың жарқын мысалы әрі оның жүзеге асуының көрінісі.
Қазақстан ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға осылайша кезекті үлес қосты.

Үшіншіден, Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болар еді.

Біз тәуелсіз ел болып, мемлекеттігімізді нығайттық және ядролық қарудан бас тарттық. Сол арқылы халықаралық беделімізді арттырып, ядролық державалардан шабуыл жасамау кепілдігін алдық.

Осы ретте, Солтүстік Корея басшылығын біздің жолымызбен жүруге шақырамыз.

Төртіншіден, ғылыми-технологиялық прогрестің қазіргі мүмкіндіктері және жаһанданудың шынайы болмысы жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау міндетін адамзаттың аман сақталып қалу мәселесіне айналдырып отыр.

Жаппай қырып-жоятын қаруы бар елдердің көбеюі ядролық, химиялық, биологиялық және радиологиялық қарудың деструктивті күштердің қолына түсу қаупін тудырады.

Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бүгінгі құқықтық база ХХ ғасыр соңында «ядролық державалар клубының» кеңеюіне тосқауыл бола алмады.

Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа негізделген аса маңызды таратпау режімін нығайту үшін терең ментальді өзгерістер мен көпжақты жаңа саяси шешімдер қажет деп ойлаймын.

Ядролық қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайта түсу үшін мынадай шаралар атқаруды ұсынамын.

Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын.

Корей Халық Демократиялық Республикасының әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін.

Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы резолюциясын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл құжат Шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын, соның ішінде санкция шаралары мен мәжбүрлеу шараларын айқындайтын болады.

Екінші. Жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керек. Мұндай көпжақты келісімдерді Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жекелеген резолюцияларымен бекіту қажет.

Жаппай қырып-жоятын қаруды иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретінде ядролық державалардың кепілдігін заң жүзінде міндеттейтін жүйені дамыту қажет деп санаймын. Бұл атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядролық қаруы жоқ мемлекеттер үшін керек.

Үшінші. Жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңғырту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты.

Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұста мемлекеттер арасындағы сенім аса қажет.

Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасымды «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесімде білдірдім. Бұл құжатта Біріккен Ұлттар ұйымының 100 жылдығы қарсаңында ядролық қарудан азат әлем құруға жағдай жасайтын іс-қимылдар көрініс тапқан еді. Әлемдік қоғамдастық қолдаса, бұл мақсатқа қол жеткізуге болады.

Төртінші. Халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керек.

Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар соның жарқын мысалы болмақ.

Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәміле қаруды таратпау саласындағы көп жақты дипломатияның табысты болатынын көрсетті. Ол күрделі мәселелерді келіссөздер арқылы шешудің тәжірибе жүзіндегі мысалына айналды.

Қазақстан да өз үлесін қосқан сенім ахуалының арқасында осы келісім жүзеге асты.

Кейбір қатысушылар тарапынан өз міндеттемелерін жүзеге асыруда туындаған қиындықтарға қарамастан Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар одан әрі табысты іске асады деп сенемін. Бұл мәселені біз АҚШ Президентімен бірге талқыладық.

Осындай конструктивті тәсілді Солтүстік Кореяға қатысты ядролық проблеманы реттеуде де қолдануға болады деп ойлаймыз.

Корей түбегіндегі қазіргі оқиғалар терең қарама-қайшылықтың бар екенін білдіреді.

Осыған орай, мүдделі тараптарды Солтүстік Корея мәселесін жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге шақырамыз.

Сенім ахуалын қалыптастырудың маңызды талабы ретінде «ядролық бестіктің» Корей Халық Демократиялық Республикасының қауіпсіздігіне кепілдік беруін және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуын жақтаймыз.

Қажет болған жағдайда, Қазақстан мүдделі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын.

Сенім шаралары бүгінде қантөгіс болып жатқан Таяу Шығыс үшін де өте өзекті болып отыр.

Сириядағы шиеленіс алыс жатқан өңірлерге де зиянын тигізуде.

Өзара сенім Астана алаңындағы диалогқа негіз болғанын ерекше атап өткен жөн.

Астана процесі Женева келіссөздерін толықтырып, Сириядағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келеді. Астанада осындай 7 келіссөз өтті.

Бесінші. Жаппай қырып-жоятын қарудың таралуымен күрес жүргізудегі бірден-бір тиімді құрал - ядролық қарудан азат аймақтар құру.

Сондай-ақ, бұл ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болып саналады.

Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру жұмыстарын күшейте түсуді маңызды деп санаймын.

Мүдделі тараптарды осыған шақырамын және кейбір елдер арасындағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін.

Алтыншы. Бүгінде ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жанталаса қаруланудың жаңа толқынының туындау қаупі бар.

Осыған орай халықаралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуге тиіс.

Сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитаризациялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстанымды қалыптастыру барысында да керек болады.

Бұл мәселелер Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы отырысында қаралуға лайық деп ойлаймын.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Әлемдік ядролық державалар арасындағы өзара түсіністік пен өзара сенім жағдайында ғана көптеген қақтығыстың алдын алып, тиімді реттеуге болатыны бүгінгі күннің шындығына айналды.

Ядролық апатты болдырмау үшін оларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелген.

Әсіресе, ірі ядролық державалар ядросыз қарудан азат әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырып-жоятын қаруды қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет.

Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс, олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді.

Әлемдік қоғамдастық - алуан түрлі және көп қырлы сипаты арқылы күшейе түскен біртұтас организм. Ол жер бетіндегі ұлттар мен халықтар арасында теңгерім мен үйлесім болған кезде ғана алға басып, дами алады.

Сол себепті, біз халықаралық құқық үстемдігіне негізделген қауіпсіз әлем мен әділетті әлемдік тәртіпке бірлесе қол жеткізуіміз керек.
Бұл істе Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің рөлі зор және оған тарихи миссия жүктелетіні де сөзсіз.

Адамзат ХХІ ғасырда жаппай қырып-жоятын қарудан азат әлем құру үшін лайықты жолдан өте алады деп сенемін.

Ұжымдық іс-қимылдан қуат алған әлемдік қоғамдастықтың сенімі, ерік-жігері мен ақыл-парасаты планетамыздың жаһандық апатқа ұшырауына жол бермейді деп сенемін.

Назарларыңызға рахмет!

Ары қарай

Кеңес отырысында Польша Президенті А.Дуда, Кувейт Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Шейх Сабах Халед Әл-Сабах және РФ Сыртқы істер министрі С.Лавров сөз сөйледі.

Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының
Президенті Анджей Дудамен кездесті

Назарбаев Польшаның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтады. А.Дуда екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігі болғанына ризашылық білдірді.

Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы
Антониу Гутерришпен кездесті
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығына байланысты өзекті мәселелерді талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
19 ҚАҢТАР.
ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ АҚШ-ҚА РЕСМИ САПАРЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫН ӨТКІЗДІ

Баспасөз мәслихатында Президент отандық және шетелдік журналистердің сұрақтарына жауап берді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалығы туралы пікір білдіріп, Дональд Трампен келіссөздері жайында айтып берді.