рус қаз
ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА-2017
Биыл 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Қазақстан XXVIII бүкіләлемдік студенттер мен жастар арасындағы қысқы спорт сайыстарын өткізді. Бұл посткеңестік елдер аумағында өткізілген алғашқы бүкіләлемдік қысқы Универсиада. Сайысқа әлемнің 57 елінен 2 мыңнан астам спортшы қатысқан болатын. Универсиадада 12 спорт түрі бойынша 85 медаль топтамасы сарапқа салынды, 8 жаңа спорттық нысан тұрғызылды.
АСТАНА ПРОЦЕСІ
Қазақстан Сириядағы шиеленістерді реттеуде мүмкіндігінше қол ұшын созуда. Астанада 2017 жылдың қаңтарынан бүгінгі күнге дейін Сириядағы жағдайды бейбіт түрде реттеу мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі сегіз халықаралық кездесу өткен. Астана процесіне жауынгерлік іс-әрекеттерді тоқтату режимінің кепілгер мемлекеттерінің - Ресей, Иран және Түркия делегациялары, Сирия үкіметі мен қарулы опоозициясының өкілі, БҰҰ және өзге де мүдделі мемлекеттердің өкілдері қатысуда.
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Биылғы жылдың сәуір айында жарияланған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” Бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру жылдың басты оқиғасына айналды. Өзінің бағдарламалық мақаласында Қазақстан Президенті екі негізгі бөлімді ерекше атап өтті, олар – «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» және «Таяу жылдардағы міндеттер». Нұрсұлтан Назарбаев жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты ретінде төл мәдениет пен ұлттық кодты сақтауды көрсеткен. Себебі, онсыз жаңғырудың құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Мемлекет басшысы бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы сынды тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың алты негізгі бағытын бөліп көрсетті.
ШЫҰ САММИТІ
Маусым айының басында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саммиті өтті. Ұйымға мүше мемлекет басшыларынан бөлек, Қазақстан астанасында өткен саммитке бақылаушы елдер - Ауғанстан, Беларусь, Моңғолия және Иранның көшбасшылары, көптеген ірі халықаралық ұйым өкілдері жиналды. ШЫҰ саммиті аясында кеңейтілген және шағын құрамдарда Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы өтті, онда қатысушылар өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты. Астанада өткен ұйым саммитінде Үндістанға және Пәкістан Ислам Республикасына ШЫҰ-ға қабылдау процедурасының аяқталғаны және ұйымға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы тарихи келісімге қол қойылды. Сол сәттен бастап, ШЫҰ құрамында сегіз мемлекет көрініс тапты, олар - Қазақстан, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Пәкістан, Тәжікстан және Өзбекстан.
«АСТАНА ЭКСПО-2017»
2017 жылы өткен Қазақстандағы ең маңызды оқиғалардың бірі «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу болды. Көрме «Болашақтың энергиясы» тақырыбы аясында өтті. Қазақстан әлемдік масштабтағы бұл ірі шараны ұйымдастыру және өткізу құқығын жеңіп алған алғашқы посткеңестік мемлекет атанды. Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында үш ай бойы - маусым айынан қыркүйекке дейін жүздеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар “болашақтың энергиясы” саласындағы өз идеялары мен технологияларын таныстырды.
ИЫҰ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР САММИТІ
Биыл Қазақстан Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар бойынша алғашқы саммитін өткізді. Бұл саммитті өткізу бастамасын 2016 жылы Ыстанбұлда ИЫҰ Саммиті барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Қазақстан басшысының бастамасы ИЫҰ мүше мемлекеттері тарапынан қолдауға ие болды. Биылғы жиынға ИЫҰ-ға қатысушы 56 мемлекет, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар қатысты.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЯДРОЛЫҚ ОТЫН БАНКІ
Қазақстан әлем бойынша алғаш рет халықаралық ядролық отын банкін іске қосты. Бұл шара биыл 29 тамызда - Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күнінде өтті. Атомдық энергия бойынша халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) төмен байытылған уран банкінің салтанатты ашылуына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев онлайн режимінде қатысты. Қазақстан Президенті төмен байытылған уран банкі қызметін іске қосты және МАГАТЭ-нің бас директоры Юкия Аманоға банктің символдық кілтін табыс етті.
ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН
Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Үкіметі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын әзірледі және бекітті. Бағдарламаның басты мақсаты - цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы мемлекет экономикасының бәсекелестігін және халық өмірінің сапасын арттыру. Жобаны жүзеге асыру екі жолмен жасалады деп жоспарлануда. Олар: орташа мерзімді келешекте «Қазіргі экономиканы цифрландыру» және ұзақ мерзімді келешекте «Болашақтың цифрлық индустриясын құру».
100 ЖАҢА ЕСІМ ФОРУМЫ
“Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының негізгі мақсаты Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың ерекше тағдыры арқылы табыс, бәсекеге қабілеттік, прагматизм және білімнің салтанат құруы идеяларын дәріптеу. Биылғы маусым айының басында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев “100 жаңа есім” жобасы бойынша өтінімдерді қабылдау басталғанын жариялады. Жобаға қатысу үшін берілген өтінімдерді қабылдау жұмысын арнайы құрылған 100esim.el.kz интернет-ресурсы жүзеге асырды. Онда әрбір қазақстандық онлайн режимінде өзінің жетістікке жету жолын жазып жібере алатын. Аталған жобаны жүзеге асыруға танымал қоғам қайраткерлері мен сарапшылар жұмылдырылып, арнайы жұмыс тобы құрылды. “100 жаңа есім” жобасына қатысу бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімі қыркүйек айының соңында аяқталды. 100esim.el.kz порталына жалпы саны 2112 үміткердің өтінімі орналастырылды, кейінірек 515 адамнан пул құрылды. Бүкілхалықтық онлайн-дауыс беру жолымен іріктеу кезеңінің 102 жеңімпазы анықталды. “Жүз санымен шектеліп қалмай, жүздікке енгендерден кем түспейтін тағы екі номинантты тізімге қосуды ұйғардық”, - деп атап өтті Дәурен Абаев қараша айында “Қазақстанның 100 жаңа есімінің” алғашқы кезең қорытындысын жариялауда.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ
6 желтоқсан күні Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі өтті. Шара барысында онлайн режимінде бүкіл ел бойынша жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылды.