Зорлау фактісін жоққа шығарған Білім вице-министрі: Бұл алдын ала мәлімет болатын

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министі Бибігүл Асылова Оңтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушысын зорлау фактісінің жоққа шығарылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Айтарым, оқиға жайлы хабар алған кезден бастап Балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы ақпаратты тексеріп, жергілікті білім департаментімен ұдайы байланысып отыр. Сейсенбі, 13 наурыз күні айтылған деректер алдын ала мәліметтер еді және олар өңірлік білім департаментінің қолындағы ақпаратқа негізделген болатын. Қазіргі кезде комитет өкілдері де ОҚО-ға аттанды», - деді бүгін ол Үкімет үйіндегі іс-шарадан кейін тілшілер сұрағына берген жауабында.

Сондай-ақ ол осындай жағдайларды мұқият бақылап отырғаны үшін жұртшылық пен ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиеваға алғысын білдірді.

«Жалпы, біз, негізінен, осындай жайттарға жұртшылықтың бей-жай қарамағанын қалаймыз. Меніңше, қазір қандай да бір қорытынды жасау ерте. Өйткені тиісті ресми қорытындылар жасалатын болады. Содан кейін мүдделі  органдармен бірге осы мәселе жөнінде ресми ұстанымымызды жариялаймыз», - деді Асылова.

13 наурызда білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова ОҚО-да 7 жасар баланы зорлау фактісін жоққа шығарған болатын.

Еске салайық, ОҚО-ның Абай ауылында бірінші сынып оқушысын ұрып-соғу және зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Бүгін аталмыш оқиға бойынша қызметтік міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін бірқатар тұлғалар сөгіс алды, жұмыстарынан шеттетіліп, босатылды.

 

 

Соңғы жаңалықтар