Зимбабведегі жағдайды реттеуге Африка одағы қатысуда - СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Зимбабведе орын алған жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі. Аталған кеңестің негізгі мақсаттарының бірі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы орайда біз Зимбабведегі ахуал қарулы қақтығыссыз, бейбіт жолмен шешілуіне мүдделіміз»», - деді министр Сенатта тілшілерге берген сұхбатында. 

Қайрат Әбдірахманов өз сөзінде Зимбабведегі жағдайды реттеуге Африка одағы қатысып жатқандығын жеткізді.

«Зимбабве бұл дағдарысты бейбіт жолмен еңсере алады деп ойлаймын. Олар өздерінің ішкі саяси жағдайын реттеуге қауқарлы екендігіне үміттіміз», - деді ҚР Сыртқы істер министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Зимбабвенің әскерилері елді 1980 жылдан бері басқарып келе жатқан республика президентін қамауға алды.  

Бұл туралы 15 қараша күні әскери қызмет өкілдерінің мәлімдемесіне сілтеме жасап Associated Press мәлім етті. Бұған дейін әскер қаржы министрін тұтқындап, мемлекеттік телекомпания ғимаратын бақылауға алған болатын. 14 қараша күні кешке қаруланған әскерлер Зимбабве астанасы Харареде маңызды позицияда тұрды. Зимбабве әскері қалыптасқан жағдайды «қан төгіссіз түзетуге» балап, әскери төңкеріс деп атаудан бас тартты.

Соңғы жаңалықтар