Ауа райы
Астана -7 °С
Алматы -1 °С
валюта бағамы
USD 334.89
EUR 361.61
RUB 5.28
CNY 48.70

Зика безгегі Қазақстанға да жетуі мүмкін

 Зика безгегі Қазақстанға да жетуі мүмкін
2016 жылғы 13 ақпан 12:04 707

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары - бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин Қазақстанға Зика безгегінің жетуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды.

 Бұл жайында Ж.Бекшин ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтқан.

Оның атап өтуінше, Қазақстан аумағы Зика безгегі ауруы бойынша эндемиялық өңір емес. Яғни, безгектің таралуы үшін табиғи орта жоқ. Зика безгегі адамнан адамға жұқпайды. Ол тропикалық және субтропикалық белдеулерде тіршілік ететін  Aedes egypti  масасы шаққан кезде адамдарға таралады.

«Осыған байланысты Қазақстан аумағында, сонымен қатар онымен шектесетін елдерде және Орталық Азия өңірінде масаның аталған түрі кездеспейді. Қазақстанда тіршілік ететін масалалар арасында Зика безгегінің таралу қаупі жоқ. Дегенмен, туристік белсенділік пен халық көші-қонының жоғары болуына орай инфекцияның келуі қаупі бар», - деді ол.

Қазақстан бас санитар дәрігерінің айтуынша, ел аумағына Зика безгегінің әкелінуінің алдын алу үшін туристік операторлармен жұмыстар жүргізілуде.  Олар Зика безгегі тараған елдерге сапарлайтын адамдарға, оның ішінде жүкті әйелдерде де вирустың қауіпті екендігін түсіндіруде. Бұған қоса Қазақстанның мемлекеттік шекараларында шетелден келген адамдарды санитарлық-карантиндік бақылау жүргізілуде.

«Зика безгегіне қарсы дәрінің және емінің болмауына байланысты Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті шет елдерге сапар жоспарлау барысында ұсынылған ақпаратты ескеруге және әсіресе жүкті әйелдерде эпидемиологиялық ахуал тұрақтанғанға дейін Зика безгегі тараған елдерге мүмкіндігінше сапарын кейінге шегеруге кеңес береді», - деді Ж.Бекшин. 

 

 

Пікір қалдыру