Жыршы-термешілер арасында талабы қатаң байқау өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында Ұзақбай жырау Қазжанұлының 120 жылдығына арналған «Жүйрігің едім өнерлі!..» атты республикалық жыршылар байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Жеті қайқы, бес жүйрік» өңірлік мәдени төлтума брендін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жыр сайысына барлығы он үміткер қатысып, бақ сынады. Олар бірінші турда Өмір Қараұлының «Бата сөз», Ұзақбай Қазжанұлының «Жаның қонақ денеңе», «Жолдас болмас бұл фәни», екіншісінде Абыл Тілеуұлының «Тойбастар», Өгізбай Малгелдіұлының «Тұлпардан тұлпар туа алмас», Нұрым Шыршығұлының «Бұл дүниенің мысалы», Ақтан Керейұлының «Болжау сөз» термесін, ал соңғы турда Ұзақбай Қазжанұлының «Бұрынғы пайғамбар, шайхылар туралы» дастанын міндетті түрде орындауға тиісті болды. Талабы осылайша қиын болғандықтан шығар, Қызылорда, Астана қалаларынан, Маңғыстау облысынан біраз жыршы өтініш білдіргенімен, келмей қалды.

Маңғыстаулық белгілі жыршы-термеші, профессор Амандық Көмеков бастаған қазылар алқасының шешімімен жаңаөзендік Арғын Бисенов бас жүлдені (700 мың теңге) жеңіп алды. Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің солисі Фархат Оразов пен жетібайлық Бердібай Тойғұлиев бірінші (500 мың теңгеден), тағы бір жетібайлық Аманбек Сәуірбаев екінші (300 мың теңге), атыраулық Аманжол Дауылбаев үшінші (200 мың теңге) орынға ие болды.

Айта кетейік, Фархат Оразов өткен жылы бірнеше халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып, жеңімпаз-жүлдегер атанған болатын. Сондай-ақ биыл Қарағанды қаласында өткен Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ордалы сөздің иесі - Қазыбек би» атты жыршылар мен термешілердің республикалық байқауында бірінші орынға ие болған еді. 

Соңғы жаңалықтар