Жылдың он басты оқиғасы - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Батыс Қазақстан облысындағы биылғы жылдың елеулі он оқиғасы жөніндегі топтаманы оқырмандар назарына ұсынады.

Үш батыр қыздың ескерткіші

null  

Оралда қазақтың үш батыр қызы, Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға ескерткіш орнатылды. Композицияда ортада Мәншүк, екі жағында Әлия мен Хиуаз бейнеленген. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланғаннан кейін өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ардагерлер осы үш батырға Оралда ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс жасаған еді. Мемлекеттік комиссия он бір жобаның ішінен белгілі мүсінші Нұрлан Далбайдың жұмысын таңдап алды. Бұған дейін Астанадағы Кенесары ханның, Атыраудағы Дина Нұрпейісованың, Оралдағы Абай мен Сырым батырдың тұлғаларын, сондай-ақ Әбілхан Қастеев, Мұқағали Мақатаевтың мүсіндерін сомдаған Нұрлан Далбай - Алматыдағы Тәуелсіздік монументі авторларының бірі. Астанадағы көркем-құйма комбинатында қоладан құйылған аталмыш ескерткішті орнату жұмыстарына облыстық бюджеттен 139 млн теңге бөлінді. Бұрын осы алаңда тұрған Мәншүк Мәметованың ескерткіші қалпына келтіріліп, туған жері - Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылына қойылды. 

Ақын Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығы

null 

Қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, сыншы, әдебиеттанушы-ғалым Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығы кеңінен тойланды. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Өз дәуірінің дауылпазы» атты еске алу кешіне ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, композитор Илья Жақанов, ақын Ақұштап Бақтыгереева, С.Сейітовтің қызы Дидар қатысып, естеліктерімен бөлісті. Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына арналған шаралар туған жері - Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында жалғасып, ақын мүсіні ашылды.

null 

БҚО газеттерінің 100 жылдығы

null 

Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің шыға бастағанына 100 жыл толуына орай «Ғасырлық ғұмыр» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Газеттердің ғасырлық тойына орай атқарылған шаралар жөнінде шағын фильм көрсетіліп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы З.Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы, жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай сынды ғалымдар өңірлік басылымдар тарихынан сыр шертті. Батыс Қазақстанда алғашқы басылым Шәңгерей Бөкеев, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды ұлт зиялыларының қолдауымен 1911-1913 жылдары әуелі Ордада, кейін Оралда «Қазақстан» деген атпен жарық көрген. Ал облыстық басылымдар 1917 жылы 28 шілдеде Ордада  басылған «Ұран» газетінен бастау алады.

Алашорда үкіметінің 100 жылдығы

null 

Сырым ауданында Алашорда үкіметінің 100 жылдығына және Күнбатыс Алашорда басшыларының бірі Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдығына орай «Азаттық таңын аңсаған Алаш арыстары» деген тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара барысында Ж.Досмұхамедов атындағы Өлеңті орта мектебінде жаңа музей ашылды. Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі қайтадан жаңғыртылып, онда Алаш арыстарына арналған залдар жасақталды. Конференцияға жазушы, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, археолог Амантай Исин, тарих ғылымдарының кандидаттары, Абай атындағы Қазақ ұлттық педуниверситеті тарих және құқық институтының директоры Болат Жұмағұлов, ҚР мемлекеттік тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетова, Астрахан мемлекеттік университеті Ресей тарихы кафедрасының доценті Андрей Сызганов секілді ғалымдар қатысып, өз ой-толғамдарын ортаға салды. Биыл Сырым ауданынан Семейге және Мәскеуге дейін тарихи-танымдық экспедициялар ұйымдастырылды.

Ақсай қаласының 50 жылдығы

null 

Бөрлі ауданының орталығы Ақсайда қаланың 50 жылдығы тойланды. Мерейтойлық шаралар барысында бір топ азаматтарға мерейтойлық медальдармен қатар «Бөрлі ауданының құрметті азаматы» атағы беріліп, төсбелгілер табыс етілді. Ақсай қаласының 50 жылдығына орай «Қарашығанақ» дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Бұл нысан құрылысына «ҚПО б.в.» компаниясы әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында 860 млн теңге бөлген болатын. Спорт кешенінде 1200  орындық көрермендер мінбесі, жеңіл атлетикаға арналған жүгіру жолағы, футбол, волейбол, теннис алаңдары бар. Жалпы, кешенде тұрғындар спорттың 15 түрімен айналыса алады.

null 

Сырым Датұлының 275 жылдығы тойланды

null 

Ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен әрі батыр Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар Оралда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Шараға арнайы келген жазушылар, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Әнес Сарай, Сырым батыр туралы жазылған «Тар кезең» романының авторы Қажығали Мұхамбетқалиұлы дана да дара тұлғаның тарихтағы орнына жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен келген академик Серік Мәшімбаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әбілсейіт Мұқтар, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінен Талғат Жұмағамбетов және басқалар Сырым Датұлындай даланың тарихи тұлғасы, мұрағаттардағы деректер, оның кезеңі туралы баяндамалар жасады. Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған шаралар туған жері - Сырым ауданында мәреге жетті.

null 

БҚО театры - халықаралық фестивальдің бас жүлдегері

null 

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Македонияда мәреге жеткен «Стоби - 2017» халықаралық театр фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.

null 

Фестиваль барысында көрсетілген Х.Мюллер, Ж.Ануйдің «Филоктет -  Медея» трагедиясын белгілі режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов сахналады.   Халықаралық додада сондай-ақ театр актері Салауат Түменов «Ең үздік ер адам», ал ҚР мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова «Ең үздік әйел образы» аталымы бойынша үздік атанды. Батысқазақстандық театр аталмыш фестивальде осымен екінші рет бас жүлде иегері атанды. Театр бұдан бір жыл бұрын Македонияның Велес қаласында өткен «Стоби - 2016» антикалық драма театрларының ХV халықаралық фестивалінде де үздік шыққан болатын. Онда батысқазақстандық ұжым көне грек драматургі Еврипидтің әйгілі шығармасы негізінде «Троя аруларын» (оның да режиссері Қуандық Қасымов) сахналаған еді. Сол додада Гран-приге қоса Қуандық Қасымов «Ең үздік режиссура», Гекуба бейнесін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Есалиева «Ең үздік әйел образы» аталымдарын еншілеп қайтқан болатын. 2017 жылы театрда барлығы сегіз спектакльдің премьерасы қойылды.

null 

Облыстағы жаңа құс фабрикасы

null 

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір барысында Зеленов ауданы Щапов ауылында «Жайық Агро LTD» ЖШС-ның құс фабрикасы іске қосылды. Мұнда жылына 6 мың тонна құс еті өндіріледі. Сонда облыс қажетін жергілікті өнім есебінен өтеуге мүмкіндік туады. Жалпы, биыл облыста үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен кәсіпкерлікті дамыту картасы аясында 8,3 млрд теңгені құрайтын 9 жобаны (536 жұмыс орны) жүзеге асыру жоспарланған болатын. Күні бүгін 5,1 млрд теңгенің 4 жобасы жүзеге асырылды, Жыл аяғына дейін 3,2 млрд теңгеге тағы бес жоба іске қосылмақ.

null 

Үш нысанға - атақты адамдардың есімдері

null 

Үкімет қаулысымен Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры енді атақты актриса, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хадиша Бөкееваның есімімен аталады. Қазталов ауданында туып-өскен Хадиша Бөкееваның 100 жылдығы биыл облыста кең көлемде аталып өтілді. Сондай-ақ облыстық мәдениет және өнер орталығына атақты ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік және халықаралық «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлидің, Орал қаласындағы №30 мектепке қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілді.

Оралдағы «Рухани жаңғыру» музейі

null 

Тәуелсіздік күніне орай Оралда «Рухани жаңғыру» музейі өз есігін айқара ашты.

null 

1893 жылы салынған тарихи ғимарат батысқазақстандық кәсіпкер Мұратбек Мұхамбедиевтің  қаржылай қолдауымен қалпына келтірілді. Музейдің бірінші залы «Батыс Қазақстан облысының киелі жерлері» деп аталады. Мұнда интерактивті тақтаның көмегімен Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына енгізілген алты нысанмен танысуға болады. Олар - «Жайық қалашығы», Тақсай қорған кешені, Бөкей ордасы тарихи-музей кешені, Жұмағазы хазірет, Ғұмар Қараш бейіті, Жымпиты - «Алаш арыстары» үйі. Тағы бір зал ұлттық баспасөз тарихына арналса, үшінші бөлмеде өткен ғасырда азаттық үшін күрескен қайраткерлердің өмірі туралы мәліметтер жинақталған. «Жаңарған өлке» атты төртінші залдан Астана мен Орал қаласының бүгінгі таңдағы табыс-жетістіктерін көруге болады.

null 

Жалпы, облыста Тәуелсіздік мейрамына орай 95 нысан пайдалануға берілді.

Соңғы жаңалықтар