Жыл сайын 60 мың тонна ет экспорттау бағдарламасы неге орындалмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев жыл сайын 60 мың тонна ет экспорттау бағдарламасының неліктен орындалмағанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, бұған дейінгі статистикалар дұрыс емес, қосып жазылған болып шықты. 1 миллион бас мал жоқ екен. Бұл таза математика. Бүкіл бағдарлама математикамен түзілген. Мәселен, фермада 50 бас сиыр болса, екі бұқа сатып аламыз. Келесі жылы оның 80 пайызы бұзаулайды. 20 бұқашық бірден бордақылау алаңына, 5-еуі жөндеу жұмыстарына (сатып, ақшасын пайдалану - авт), 15 сиыр басын көбейтуге кетеді. Ал егер базада миллион бас болмаса, солай болып шықты да, барлық есептеулер күйрейді», - деді ол бүгін Америка сауда палатасы ұйымдастырған форум аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Екіншіден, оның атап өтуінше, бағдарлама негізінен ресейлік нарыққа бағытталған.

«Ресейде бірқатар оқиғалар, девальвация болды, валюта құлдырады және ол жаққа экспорттау бізге тиімсіз еді. Мұнан бөлек те ұсақ-түйек жайттар бар. Қалай десек те импортты төмендеттік. Сол уақыттарда елге келетін импорт көлемі 50 мың тонна болса, қазір 15 мың тоннаны құрайды. Яғни, ет көбейді, ешқайда жоғалмады. Тек ішкі тұтыну көлемі артты. Қазір біз тек экспорт жайында айтып отырғанымыз жоқ. Мүмкіндігінше ішкі тұтыну көлемін біртіндеп жабамыз. Қазір елде өндірілетін еттің 97 пайызын тұтынамыз», - деді министр.

Дегенмен, Өмірзақ Шөкеев сиыр етін Қытайға, қой етін Араб елдері мен Иранға шығару көзделіп отырғандығын да айтты. Сондай-ақ ол елімізде жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту да назардан тыс қалмайтындығын атап өтті.

«Жеке қосалқы шаруашылықтарды қатар дамыта беретін боламыз. Зәкірлік кооперациялар мен жеке қосалқы шаруашылық кооперациялары бір-біріне бөгет жасамайды. Қайсысы тіршілікке қабілетті болса, сол дамиды. Қазір бізде мал басының 57 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтардың қолында. Әрине, барлығының күдігі бар, менде күдіктенемін. Бірақ бұл жеке қосалқы шаруашылық секторын толықтай мойындамаймыз дегенді білдірмейді», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар