Журналист Нұрғожа Нарымбайұлының есімін оқу орны мен көшеге беру ұсынылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана жұртшылығы еліміздің танымал қаламгері, ақын-журналист Нұрғожа Нарымбайұлы Оразды еске алды.

2016 жылы 20 ақпан күні 84 жасқа қараған шағында дүние салған Нұрғожа Ораздың мәңгілік сапарға аттанғанына да жыл болып отыр. Осыған орай өткен жиында марқұмның рухына бағышталып құран оқылды. Замандасы, досы, белгілі жазушы Әкім Тарази Нұрғожа Нарымбайұлының қаламгерлік қарымы, азаматтық тұлғасы туралы ой толғады.

Сонымен қатар қаламгер Қойшығара Салғараұлы, ақындар Серік Тұрғынбайұлы мен Несіпбек Айтұлы, жазушы Жарасбай Сүлейменов, ғалым Серік Негимовтар Н.Ораздың қазақ әдебиетіндегі орны мен Астананың мәдени-рухани дамуына қосқан айрықша рөлі туралы өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы мемлекеттік тілді қорғаудағы ақын ағаның күрескерлік жолы жастарға да үлгі екенін мәлімдеді.

Осы басқосуға Алматыдан арнайы келген, қазақтың дарынды ақыны марқұм Тұманбай Молдағалиевтің зайыбы Күлтәй Қасымқызы да сөз алды. Ол Тұманбай мен Нұрғожаның студенттік кезден бастап айырылмас дос болғанын, бір-біріне деген құрметі, ықыласы ерекше екенін айтты. Жиналған қауым Нұрғожа Нарымбайұлының зайыбы Айман Қожахметқызына  ізгі тілектерін жеткізді.

Айта кету керек, бүгінде Н.Ораздың немере-шөберелері бар, қызы Салтанат пен ұлы Нұрайдың балалары өсіп келеді.

Пікір білдірушілер тарапынан Арқа өңірінде өнер мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесін ескере отырып, Нұрғожа Нарымбайұлының есімін оқу орнына, көшеге беру туралы ұсыныс айтылды. Елордалықтар бұл пікірдің орынды екенін атап өтті.

Еске алу барысында жұртшылыққа Н.Ораздың өмірі мен шығармашылығы туралы шағын деректі фильм көрсетілді.

Нұрғожа Нарымбайұлы Ораз 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысы Сарыкөл ауданындағы Маяк кеңшарында туған. 1947 жылы туған ауылындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, Гурьев (Атырау) педучилищесін 1950 жылы тәмамдаған. Мұнайлы жетіжылдық мектебінде бір жыл мұғалім болған. 1951 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түскен. 1956-1958 жж. мектепте ұстаздық еткен. 1958-1963 жж. Қостанай облыстық газетінде, 1963-1965 жж. «Тың өлкесі» газетінде қызмет етті. 1965 жылы Целиноград облысаралық бөлімшесіне жауапты хатшы болып тағайындалып, кейіннен «Жаңа Сарыарқа» журналының ашылуына мұрындық болды, басылымның бас редакторы болып қызмет атқарды.

Бірнеше жыр жинақтардың авторы, сондай-ақ «Қаракүйік» атты роман жазған.

Нұрғожа Ораз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Журналистер одағының М.Сералин атындағы сыйлығының лауреаты, «Астана» және «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медальдарымен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2006).

 

Соңғы жаңалықтар