Жүргіншіні ұрған «жедел жәрдем» қызметкері ұсталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері жүргіншіні соққыға жыққан күдіктіні анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Күдікті анықталды, ол - Павлодар қаласының 38 жастағы азаматы. Қаладағы жеке кәсіпкерліктердің бірінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Аталған факті бойынша оқиға орын алған күні-ақ ҚР Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» 293-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы, оған қатысты басқа тұлғалар анықталуда», - деді департаменттің баспасөз қызметінен.

Баспасөз қызметінің жетекшісі Баян Мағзұмованың сөзіне қарағанда, күдіктіні анықтауға оқиға болған ауданның тұрғындары арасында жүргізілген сұрау шаралары мен видеокамералар көмегін тигізген.

«Қазіргі күдікті ешқайда кетпеу туралы тілхат берді. Оның қасында тұрған екінші адамның аты-жөні анықталып жатыр. Әзірше зардап шегуші анықталған жоқ. Сондықтан күдіктіге қатысты жаза зардап шегушінің алған жарақатының ауырлық деңгейіне байланысты болады», - деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, әлеуметтік желіде жедел жәрдем қызметкерлерінің киіміндегі адамдардың жүргіншіні соққыға жыққан видеосы тараған болатын. Сәл кейінірек Денсаулық сақтау министрлігі қызметтік тексеріс жүргізгендігін, жедел жәрдем стансасы қызметкерлерінің төбелеске қатыспағандығын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар