Жұмыспен қамту саласында жеке агенттіктерге қанша қаржы бөлінеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жұмыспен қамту саласында жеке рекрутингтік агенттіктермен ынтымақтастықты кеңейтудің қадамдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Қазақстанда жұмыспен қамту саласында 320-ға тарта жеке агенттік қызмет етуде. Қазіргі кезде бұл бағытта бөлінетін қаржы әлі де нақтыланып жатыр. Алайда жұмыспен қамту саласындағы жеке агенттіктер үшін қызметтерді атсорсингке беру бойынша биыл шамамен 1,2 млрд теңгені бөлу қарастырылып отыр. Осы қызметтермен қамтылатын контингент 60 мың адамға жуық болады», - деді министр Мәжілісте тілшілердің сауалына жауап беру кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адам жұмыспен қамтылған жағдайда ақы төлемейді.

Айта кейтік, жалпы отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды. 

Мәдина Әбілқасымованың сөзіне қарағанда, жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің аутсорсингі ұғымы енгізіледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін заң жобасында жұмыспен қамту орталықтарын реформалау және барлық бос жұмыс орындары мен барша елді мекендер бойынша бірыңғай онлайн алаң құру көзделген. Осы мақсатта еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын құрайтын «Электронды еңбек биржасы» мемлекеттік интернет ресурсын құру қарастырылған. Бұл жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді бір арнада тоғыстыратын алаң. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтердің аутсорсингі ұғымы енгізілуде. Бұл дегеніміз, жұмыспен қамту орталықтарының халықты жұмыспен қамту саласындағы қызметтерді жұмыспен қамтудың жеке агенттіктеріне беруіне бағытталған шаралар кешені», - деді ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар