Жұмыспен қамту орталықтарына реформа жасалады - Нұржан Әлтаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмыспен қамту орталықтарына реформа жасалады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылы Мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын реформалауды жоспарлап отырмыз. Олар мемлекеттік мекеме форматында жұмыс істейді, республикадан өңірлік деңгейге берілетін белгілі бір бюджеті бар. Нақты жалақы алғандарымен олардың жұмыстары нақты нәтижеге байланысты емес. Яғни, қанша адамды жұмысқа орналастырғанының маңызы жоқ. Қанша жалақы алдың, сонша ала бересің. Біз бүгінде бұл жұмыстарды өзгертіп, аталған орталықтардың қызметкерлері жалақыны жұмыс нәтижесіне, қанша адамды жұмысқа орналастырғанына байланысты алатындай жасамақпыз», - деді Нұржан Әлтаев.

Сонымен қатар оның айтуынша, Парламентте Еңбек министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасы бүгін бірінші оқылымда қаралатын болады. Аталған құжатта жұмыспен қамту ісіне жеке агенттіктерді де тарту көзделіп отыр.

«Олардың да жұмысы нәтижеге байланысты. Мәселен, олар мәліметтер базасынан бір адамды жұмысқа орналастыратын болса, ол алты ай бойы кәсіпорында жұмыс істеп, зейнетақы жарнасын төлейтін болса, онда біз аталған адамды жұмысқа орналастырған жеке агенттікке де ақша төлейміз. Төлем мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтары алатын ақшадан көп болмайды деп отырмыз», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар