ЖОО-лар үшін академиялық адалдық кодексін енгізу керек - Шпекбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жоғары оқу орындары үшін академиялық адалдық кодексін енгізуді ұсынып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік төрағасының орынбары Алик Шпекбаевтың айтуынша, аталған кодексін әзірлегенде Алматыдағы "Нарxоз" университеті енгізген жүйені негізге алу қажет. "Университет басшылығына Кшиштов Рыбиньскидің келуімен оқу процесінің бірыңғай жүйесі және тағы басқа заңсыз ақша алуға мүмкіндік бермейтін шаралар қолға алынды. Плагиатқа тыйым салынды. Басқарудың тиімді үлгісі енгізілді. Ал кафедра меңгерушілері мен декандар қол астындағы қызметкерлерінің пара алғаны үшін өз басымен жауап береді. Әрине, оқытушылардың жалақысы да көтерілді", - дейді Шпекбаев.

Оның айтуынша, студенттерге қызмет көрсетудің ашық әрі әділ жүйесі болуы шарт. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәжірибесін қолданып, студенттерге қызмет көрсету орталықтарын ашуға болады. Бүгінде ондай орталықтар "Нарxоз", Қазақ гуманитарлық заң университеті сияқты жоғары оқу орындарда бар.

Айта кетейік, білім саласындағы жемқорлық мәселелеріне арналған бүгінгі отырыста Алик Жатқамбайұлы академиялық әділдігі жоғары, яғни сыбайлас жемқорлықты барынша азайтқан жоғары оқу орындарын да жариялады . 

Соңғы жаңалықтар