Жолды өз күшімен жөндеген ауыл тұрғындары жауапқа тартылмайды - Алматы облысы

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы жолды өз күштерімен жөндеген ауыл тұрғындары әкімшілік жауапкершілікке тартылады деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сарқан ауданына қарасты Мұқан Төлебаев ауылының тұрғындары жергілікті әкімдікке хабарласып, осы жол мәселесін көтерген болатын. Ал әкімдік өз кезегінде бұл жолды жөндеу жұмыстары әзірге құжат жүзінде қолға алынғанын мәлім еткен. Мұны естіген ауыл тұрғындары, оның ішінде  жергілікті кәсіпкерлер, жолды өздері жөндеуге ниет танытқан. Осылайша олар Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласының Туған жер бағдарламасы шеңберінде ауылды көркейтуге өзінше үлес қосқысы келетінін жеткізген. Аудан әкімдігі бұл ұсынысты қабылдады. Ауыл тұрғындары осылайша аудан әкімдігінің рұқсатымен жолды жөндеп шықты. Олар цемент қоспасымен шұрқ тесік жолдарды бітеді. Ал әлеуметтік желіде жолды жөндеген ауыл азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылады, оларға айыппұл салынғалы жатыр деген ақпаратты біз ресми түрде жоққа шығарамыз.  Бұл жалған ақпарат», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Естеріңізге сала кетейік, біз бұған дейін Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты Мұқан Төлебаев ауылының тұрғындары 35 шақырым жолды өз күштерімен жөндеп шыққанын хабарлаған болатынбыз.  

Соңғы жаңалықтар