Жолдауды жүзеге асыруда ЖОО-лар да белсенділік танытуы тиіс - ғалым пікірі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыруда ЖОО-лар да белсенділік танытуы тиіс. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров өз пікірін былайша білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекетті басқаратын да, қорғайтын да, өнеркәсіпті көтеретін де, экономиканы алға сүйрейтін де адам. Өндіріске жаңа технологияларды енгізіп, оларды тиімді басқаратын да адам, оның ақыл-ой еңбегі. Яғни, адами капитал басты рөлді атқарады. Бұл үшін адамға сапалы білім, денсаулық, қолайлы әлеуметтік ахуал қажет. Сондықтан да Жолдауда адами капиталды дамытуға үлкен мән берілген. Бұған дейін де білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салалары мемлекеттің үнемі назарында болып келді. Білім беру сапасын арттыру мақсатында оқу бағдарламаларын жаңарту, педагог кадрлардың біліктіліктерін жетілдіру, үш тілділікті қалыптастыру, мектептерді интернетке қосуды аяқтауды және сапасын жақсартуды қолға алу көзделген. Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын жүзеге асыруды жалғастырудың қажеттігі айтылған.

Елбасы Жолдауда: «Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек», - деп техникалық және аграрлық университеттерді дамыту міндетін қойған.

Бұл міндет те білім беру саласына цифрлық технологияларды енгізу мақсатынан туындап отыр. Демек, жоғары оқу орындары индустрияландыру барысында жаңа технологияларды қолданысқа енгізуде, өнеркәсіптерге қажетті кадрларды даярлауда, ғылыми жетістіктерді өндіріске тиімді енгізуде негізгі базаға айналуы тиіс.

«Тиімді мемлекеттік басқару болмай, өнеркәсіпті дамыту, экономикалық жетістіктерге жету мүмкін емес. Үкіметтің ашықтығы, қолжетімділігі бизнестің дамуына серпін беруі керек. Электрондық үкіметті жетілдіру, жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі, «ақылды қалаларды» қалыптастыру алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарына жетудің бір жолы болмақ. Оның басым бағыттары Жолдауда айқын көрсетілген. Біздің еліміздің басты мұраты - тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемлекеттілігімізді нығайту. Мемлекетіміз мықты болған жағдайда ғана экономикасы дамыған озық елдердің қатарына қосыла аламыз. Ол үшін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауда айқындап берген басым бағыттары мен тапсырмалары іс жүзінде жүзеге асуы тиіс. Бұл жерде мемлекеттік органдардың табандылығы мен бүкіл қоғамның бірлігі, барша халықтың қолдауы қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, іргелі ел болып, біртұтас халық болып қимылдасақ қана алға қойған мұратымызға жетеміз», - деді Есқайрат Хайдаров.

Соңғы жаңалықтар