Жолдау заман талабына сай өмір сүруге мүмкіндік береді- Ақтөбелік металлургтер

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Жастар жаңа технологияны оқу орындарында меңгеруі қажет. Бұл туралы ақтөбелік металлургтер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен танысып шықты. Алғашқылардың бірі болып металлургтер өз пікірін білдірді. Олар жұмысшыларды дайындау кезінде жоғары оқу орындарының базасын қайта жаңарту қажет деп есептейді. Себебі, теория мен тәжірибенің арасында ешқандай айырмашылық болмауы керек.

«Елбасы өз Жолдауында білім берудің жаңа сапасына тоқталып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламасын жаңарту қажет деп атап өтті. Біз металлург болғандықтан өндіріске қажетті кәсіби мамандардың қатары көп болғандығын қалаймыз. Металлургия саласын дамыту барысында балқытушылармен қатар өндіріске аса қажетті дәнекерлеушілер, қожшылар, дозалаушылар, кран машинисі сияқты мамандарды дайындайтын кәсіби техникалық білім ордасының базалық деңгейі, оқыту бағдарламалары жаңартылып, заман талабына сай мамандардың дайындалғанын қалаймыз. Ал зауыттың білікті жұмысшылары жас мамандардың білімі мен біліктілігін арттыруға көмектеседі»,- деді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №2 балқыту цехының бастығы Әбілқайыр Сотқаров.

Ақтөбелік металлургтер соңғы жылдары салынған №4 цехта жұмыс істеп жатыр. Цифрландырылған жаңа өндіріс орны өнімді арттырып, жұмыстың басым көпшілігін автоматтандырылған режимде атқаруға жағдай жасаған.

«Елбасының жыл сайынғы Жолдауы жаңа кезеңдерге нық қадам басып, заман талабына сай өмір сүруге, бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көрінуге жол ашатын маңызды құжат деп білемін. Біз сияқты қарапайым металлургтер заманның ағымына сай техникаларды меңгере отырып, сапалы өнім шығарып, өз еңбегімізбен дамуға үлес қосуымыз керек. Металлургтер әрдайым Елбасының жолдауын қолдайды»,- деді Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №1 балқыту цехының қызметкері Азамат Арсланов.  

Соңғы жаңалықтар