Жолдау Қазақстанның үшінші жаңғыруын жаңа белестерге көтерудің нақтылы бағдарламасы - Балықбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев Елбасының бүгін жарияланған Жолдауына қатысты өзінің пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Егемен Қазақстанға» сілтеме жасап.

«Қазақстан халқы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауларынан тың жаңалықтар күтіп, болашаққа деген сенімдері мен үміттерін ұштай түсетіні қалыпты жағдай.  Өйткені бұл жолдауларда ел дамуының жаңа межелері белгіленіп, халықтың әлеуметтік-рухани жаңғыруының көкжиектері айқындала түсетіні сөзсіз. Мысалы, өткен жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Мемлекет басшысы экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруына қол жеткізу, цифрлы техологияны қолдану, жаңа индустрияларды өркендету, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторын дамыту, цифрлы индустрияны жеделдету арқылы Қазақстанды бәсекелестікке қабілетті елге айналдыру міндеттерін қойғаны есімізде. Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа міндеттері» Жолдауында осы міндеттерді одан әрі жалғастыру бағдарланып отыр. Елбасы осы арада он түрлі міндетті алға қояды. Ол Қазақстанның индустриясын ең жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру, өндірістік үдерістерді цифрландыру арқылы өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін арттыру, ресурстық әлеуетті тиімді пайдалану, өндіріске ақпараттық технологиялық шешімдерді батыл енгізу, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру, көлік пен логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту міндеттерін қамтиды», - дейді Такир Балықбаев.

Ректордың сөзіне қарағанда,  Жолдауда рухани-әлеуметтік мәселелер де орынды қозғалып отыр. Айталық, соның бірі - адам капиталының жаңа сапасы туралы мәселе. «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет», деген Мемлекет басшысы одан әрі бұл міндетті шешудің жолдарын нақтылай түседі. Соның ең бастысы білім беру бағдарламаларын өзгерістерге үнемі бейім және жаңа білімді меңгертуге бейімдеу болып табылады. Осыған орай 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет болады. Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу тездетілуге тиіс.

«Бұл мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар керек деген сөз. Педагогтарды оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды қайта қарау қажет. ЖОО-лардағы педагогикалық кафедралар мен факультеттерді одан әрі дамыту қажеттігі туындап отыр. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын арттыру да кезек күттірмейді. Жолдауда жоғары білім беру жүйесіне қатысты көптеген жаңа міндеттер айқындалып отыр. Мұнда, әсіресе, ақпараттық технологиялар бойынша білім беруді барынша дамыту, жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беріп, олардың академиялық еркіндігін заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігі айтылды. Осы арада оқытушылардың қайта даярлықтан өтуіне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тартып, әлемдік университеттердің кампустарын ашу қажет деді Елбасы.

Сондай-ақ қазақ тілін оқыту, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру арқылы жастарымыздың интеллектуалдық қабілетін жоғарлату мәселесі де назардан тыс қалмады. Білім беру жүйесінің барлық деңгейі экономиканың бүгінгі қажеттілігіне сай болуға тиіс. Бұл орайда мұғалім мамандығының қадыр-қасиетін барынша арттыру қажет делінген Жолдауда. Білім беру саласының қызметкері болғандықтан, бізге осы жетінші міндет көп ой салып отыр. Мамандарды бұрынғыдай топырлатып даярлай беретін кез емес қазір. Біз бүгінде жұмыс берушілермен тікелей байланыста қызмет істей отырып, олардың талап-тілегіне қарай маман даярлаудамыз. Экономиканың қажеттілігіне қарай маман даярлау, оларды жұмыспен қамту, тиісті әлеуметтік жағдай туғызу арқылы адами капиталды дамытуға, оның жаңа сапасына қол жеткізуге болатыны бүгінде баршамызға аян және бұл жоғары оқу орындары алдына зор жауапкершіліктер жүктеуде. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өзі құрылған 90 жылда 250 мыңнан астам мұғалім кадрларын даярлап, қазақ даласына ілім-білім ұрығын шашса, бүгінде әлемдік даму үдерісіне сай жаңа тұрпаттағы мамандар даярлау үстінде. Жолдауда айтылғандай, экономиканың қажеттілігіне жауап бере алатын білікті мамандар даярлау, оқу бағдарламаларының мазмұнын түбегейлі жаңарту, студенттердің шығармашылықпен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, олардың ақпараттық технологияларды терең менгеруіне, қазақ және орыс тілдерімен бірге ағылшы тілін игеруіне қол жеткізу, жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдер даярлау жолында бізде нақтылы жұмыстар атқарылуда.

Сондай-ақ біз шетелдік 120 белді университеттермен байланыста жұмыс істей отырып, білім берудің инновациялық технологияларын терең меңгеру, әлемдік бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жолында еңбек етудеміз. Біздің университетіміз педагогикалық оқу орны болғандықтан, мұғалім кадрларының беделі мен қадір-қасиетін арттыруға өте мүдделі. Бұл салада әралуан ғылыми зерттеулер жүргізіліп, ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.

Мұғалім мәртебесін көтеру олардың әлеуметтік жағдайына да тікелей байланысты дейтін болсақ, Елбасының жаңа Жолдауы бойынша мұның да бір түйіні шешілгелі тұр. Айталық, жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасы бойынша білім беруге көшкен мұғалімдердің айлық жалақысы 30-50 пайызға дейін өсетіні осы сөзімнің дәлелі. Жалпы, Елбасының биылғы Жолдауы Қазақстанның үшінші жаңғыруын жаңа белестерге көтерудің нақтылы бағдарламасы болды десек асыра айтқандығымыз емес. Ол біздің жігерімізге жігер қосып, болашаққа деген сенімімізді нығайта түскені сөзсіз», - дейді ол.

 

Соңғы жаңалықтар