Жол салу жұмыстарын сапалы да уақтылы бітіру керек - БҚО әкімі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазіргі қолайлы ауа райын пайдалана отырып, жол салу жұмыстарын сапалы да уақтылы бітіру керек.

Бұл туралы Зеленов және Тасқала аудандарында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
null

Облыс орталығымен қатар аудандардың инфрақұрылымын арттыруға аз қаржы бөлініп отырған жоқ. Мысалы, Зеленов ауданының инфрақұрылымын жақсартуға биылдың өзінде 3 миллиардтай теңге бөлінді. Күні бүгін аудан орталығы Переметныйда 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтеруде. Қараша айында аяқталуы көзделіп отырған кешен құрылысына 280 млн теңге бөлінген, мұнда қазір 52 адам жұмыс жасауда. Құрылыста толықтай жергілікті материал пайдаланылуда.

Сол секілді Деркөл өзені бойында салынып жатқан су қоймасының құрылысы біткеннен кейін суды техникалық мақсатта кеңінен пайдалануға жол ашылады. Бұл ауыл шаруашылығын дамытумен бірге бау-бақша дақылдарын өсіруге мүмкіндік береді.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан өңір басшысының атап өткеніндей, сонымен қатар ауданда Дариян ауылында 100 орындық интернатымен 300 орындық жаңа мектеп салынуда. Осы ауылда мәдениет үйі күрделі жөнделуде. Дариян-Кирсанов бағытындағы жол құрылысы да аяқталып қалды.

Өңірде Елбасы тапсырмасына сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал-Тасқала-РФ шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар жол қайта салынып жатқаны белгілі. Оның жалпы ұзындығы 104 шақырым болса, биыл жол Тасқала ауылына дейін жетеді. Сонда алдағы жылға шекараға дейінгі 18 шақырым жол бөлігі қалады. Биыл бұл мақсатқа 9,5 млрд теңге бөлінген.
null

«Биыл облыста 500 шақырымнан астам автожолды жөндеуге, қайта салуға 36,5 млрд теңге бөлінген. Өткен жылы 290 км жол ретке келтірілген болатын. Осының бәрі - мемлекеттің қолдауының арқасы. Орал-Тасқала жолының стратегиялық маңызы ерекше, өйткені осы жол арқылы Ресей қалаларына шыға аламыз. Сондықтан жолдың сапасы мен құрылыс жұмыстарының мерзімінде аяқталуына айрықша мән беру керек. Яғни ауа райының ашық-жарық кезін тиімді пайдаланып, бәрін салқын түскенше бітіру қажет», деді Алтай Көлгінов.

Биыл ауылішілік жолдар да жөнделуде. Соның бір мысалын Тасқала ауылынан көруге болады. Аудан әкімі Санжар Әлиевтің сөзіне қарағанда, аудан инфрақұрылымын дамытуға 1,3 млрд теңге қаралған. Осы қаржыға Тасқала ауылында алты бірдей көше жолы жөнделуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында үш елді мекен мен аудан орталығының сегіз көшесі орталықтандырылған су көзіне қосылды.

Өңір басшысы осындай сапарлар кезінде құрылыс жұмыстарының барысы тексеріліп қана қоймай, алдағы жылы атқарылатын жұмыстардың да пысықталатынын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар