Жоғары жылдамдықты интернет қандай ауылдарға тартылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның территориясы үлкен. Ал шағын елді мекендер өте көп. Сол себепті барлығына бірдей интернет тарту тиімсіз, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, бүгінде перспективті, яғни болашағы бар елді мекендердің тізімі жасалды. Аталған жерлерде xалықтың саны өседі деген болжам бар.

«Дәл осы елді мекендерге біз жоғары жылдамдығы бар интернетті тартып береміз. Сонда шамамен 2 млн адам жылдам интернетке қосыла алады. Қалған ауылдардың мәселесін әлі де қарастыратын боламыз. Спутник арқылы береміз бе? Жоқ, әлде арнайы құрылғыларды жаңартамыз ба? Ол жағын әлі де талқылаудан өткіземіз. Шағын ауылдарға ұялы байланыс пен интернетті тартқан экономикалық тұрғыда тиімсіз екенін мойындауымыз керек. Себебі желіні тартуға кеткен қаржы ақталмайды», - деді Д.Абаев xалыққа есеп беру кездесуінде.

Министрдің сөзіне қарағанда, шалғай жатқан елді мекендерді ұялы байланыспен қамту шаралары да жалғаса береді. Қазіргі кезде бір мың адамнан асатын елді мекендерде ұялы байланыс бар. Ендігі мақсат - тағы 500 елді мекенді ұялы байланыспен қамту. Ұялы байланыс операторлары да тиісті міндеттемелерді алды. 2020 жылға дейін барлық елді мекендер ұялы байланыспен қамтылады деген жоспар бар.

«Негізі, ұялы байланыс операторлары үшін де шағын ауылдарға қызмет көрсеткен тиімсіз. Себебі адам аз болған сайын тариф қымбаттайды. Мысалы, Үндістанда ұялы байланыстың бағасы қымбат емес. Себебі xалық көп, адамдар тығыз тұрады. Делидің өзінде 15 млн адам бар. Оның айналысында да біраз xалық тұрады. Бізде олай емес. Астанадан 100 шақырым шалғай жерлерде ауылдар аз. Халқы да көп емес. Соған қарамастан, біз ұялы байланыс операторларына нақты міндет қойдық. Олар әрбір ауылды ұялы байланыспен қамтуға міндетті», - деп атап көрсетті Д.Абаев.

Айта кетейік, кездесу кезінде министр Абаев келесі жылы тіркелмеген телефондарға ұялы байланыстың қосылмайтынын тағы бір мәрте еске салды. Телефондарды тіркеу шаралары жылдың ортасында басталады. 

Соңғы жаңалықтар