Жоғарғы соттың отырыстары бұдан былай онлайн режімде өтетін болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жалпы отырыстары бұдан былай ашық форматта, яғни онлайн режімде өткізілетін болды. Бұл туралы бүгінгі Жоғарғы соттың жалпы отырысында ҚР Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бұл жалпы отырысымыздың бір ерекшелігі бар. Біз алғаш рет отырысымызды онлайн режімде өткізіп отырмыз. Онлайн түрде көре алмағандар үшін отырыстың жазбасын сайтқа орналастырамыз. Жалпы, бәрімізге белгілі, Конституцияға сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік билік үштармақтан тұрады. Соның бірі - сот билігі. Парламент пен Үкіметті алар болсақ, олардың жалпы отырыстары қоғамға ашық түрде өткізіледі. Сондықтан, Жоғарғы сотта бүгіннен бастап маңызды мәселелерді қарағанда жалпы отырысымызды ашық форматта өткізетін боламыз», - деді Жақып Асанов.

Еске сала кетсек, Жоғарғы Соттың бүгінгі отырысында сот шешімін құрастыру әдісі бойынша нормативтік қаулының жобасы таныстырылды.

«Бүгін өте өзекті мәселені қараймыз. Ол соттардың, судьялардың шешімі қандай болуы керек деген мәселе. Жалпы, сот қызметінің түпкі нәтижесі, түпкі өнімі деп айтуға болады - ол сот шешімі. Сот шешімі қандай болуы керек. Оның мазмұны, оның стилистикасы, құрылымы, тілі қандай болуы тиіс? Көп жағдайда сот шешімін азаматтар түсінбейді. Неге түсінбейді? Өйткені, олар өте қиын, өте күрделі тілмен жазылған. Содан кейін көп жағдайда қаралып жатқан мәселелерге қатысы жоқ артық ақпараттармен шешімдерімізді толтырып тастаймыз. Содан кейін оны қолдан көлемін ұлғайтамыз. Әрине, қарапайым адам ондай кәсіби тілмен жазған сөздерді түсіне бермейді», - деп мәселе көтерді Жақып Асанов ҚР Жоғарғы сотының бүгінгі жалпы отырысында.

Соңғы жаңалықтар