Жоғарғы Сот Ұлт Жоспарында белгіленген барлық қадамдарды табысты іске асырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинкте Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезіне дайындық барысы және Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберіндегі сот жүйесінің дамуы туралы мәселелер сөз болды.

Брифинг жұмысына Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков пен Жоғарғы Соттың судьясы Ғалымжан Мырзаке қатысты.

Судьялардың VII съезі ағымдағы 21 қарашада Мемлекет басшысының қатысуымен Тәуелсіздік сарайында өтеді. Іс-шараға барлығы 700 делегат пен съезд қонақтары қатысады.

М.Әлімбеков өзінің баяндамасы аясында Съезге дайындық жөнінде айтты. Алдағы форум 1996 жылдан бастап, әрбір төрт жыл сайын болып өтетіндігін атап өтті. Барлық съезге Мемлекет басшысы қатысты. Съездерде дәстүрлі түрде сот жүйесінің дамуына арналған ең өзекті мәселелер талқыланады, атқарылған жұмыс қорытындыланады, алдағы кезеңге арналған міндеттер қойылады.

VII съезде Ұлт Жоспарының орындалуы бойынша сот жүйесінің жұмысы қорытындыланады. Судьялар әдебі кодексінің жаңа нұсқасының қабылдануы күтіліп отыр. Бұл судьялардың кәсіби және моральдық бейнесіне қоятын қоғам талабының өсуінен туындады. Кодекстің жаңа жобасында судьялардың кәсіби қызметтегі, қоғамдағы, отбасы мен тұрмыстағы жүріп-тұруының әдеп негіздерін реттейтін нормалар мен ережелер қайта қарастырылған. Судьялар жүріп-тұруының негізгі қағидаттарына тәуелсіздік, объективтілік, әділдік, әдеп нормаларын сақтау, теңдік, құзыреттілік пен ынталылық, т.б. жатады. Кодекс жобасында «Судьялар мінез-құлқының Банголор қағидаттарының» ережелері мен сот билігінің тәуелсіздігі мәселелеріне арналған Киев конференциясының ұсынымдары ескерілді.

Ғ.Мырзаке сот жүйесін реформалау бөлігіндегі Ұлт Жоспарын іске асыру туралы айтып өтті. Атап айтқанда, Ұлт Жоспарының сот жүйесіне бекітілген барлық қадамдары табысты іске асырылды. Қазақстан бес сатылыдан үш сатылы сот жүйесіне көшті. Сот ісін жүргізудің мұндай моделі халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Реформалардың негізгі нәтижесі - шығарылған сот актілерінің өз күшіне неғұрлым жедел енуі, процесті қасақана созуды болдырмауды көздейді.  

Судьялыққа үміткерлерге қойылатын талаптар күшейтілді, іріктеу жүйесі қатаңдатылды. Жоғары Сот Кеңесі дербес мекемеге айналып, судьяларды іріктеу мен тағайындау бойынша жүйелі жұмысты жолға қойды. Сот төрелігі институты Жоғарғы Сот жанындағы академия ретінде қайта құрылды. Сот жюриінің қызметі реформаланды. Бұл өз кезегінде азаматтардың аталған институтқа судьялардың әрекеттеріне қатысты шағыммен тікелей жүгінуіне мүмкіндік беріп отыр.

Жоғарғы Соттың жанында құрамына отандық және шетелдік беделді сарапшылар кіретін Халықаралық кеңес құрылды. Соттарда аудио-, бейнетіркеу жүйесі белсенді түрде қолданылуда. Бүгінде республикадағы сот залдары аудио-, бейнетіркеу жүйесімен 100 пайыз жарақтандырылған.

Республика соттары жаңартылған заңнама жағдайында жұмыс істеуде. Тергеу әрекеттеріне сот бақылауын күшейтетін институттар құрылып, тиімділігін көрсетуде. Инвестициялық дауларды қарайтын сот ісі жүргізілуде.

2016 жылғы қаңтардан бастап Азаматтық процестік кодекстің жаңа редакциясы қабылданғаннан соң құқықтық кеңістіктің айтарлықтай жақсаруы басталды. Мәселен, ағымдағы жылғы 10 айда 2015 жылмен салыстырғанда 348 мың материал қысқартылған іс жүргізу тәртібінде қаралды. Ал, өткен жылы бұл көрсеткіш 193 мың болды, яғни көрсеткіш 1,8 есеге өсті. Партисипативтік рәсім іске қосылып, 2016 жылы 387 іс осы тәртіппен шешімін тапты. Медиацияны қолдану 5261-ден 15 808-ге дейін 3 есеге өсті.   

Брифинг барысында спикерлер БАҚ өкілдерінің қызықтырған сұрақтарына жауап берді.

Соңғы жаңалықтар