Жоғалған спортшы қызбен бірге болған жас жігіт құздан құлап мерт болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өзін іздегендерден қашып құздан құлап кеткен спортшы қызбен бірге болған жас жігіт мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас жігіттің мүрдесі табылды. Мүрдеде күштеп өлтірудің белгілері білінбейді. Фактіге қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сонымен қатар, оның күдікті ретінде іздеуде болғаны анықталды. Ол өзінің туысқандарының бірін пышақтап, ірі сомадағы ақшасын алып кеткен», - дейді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын іздеу жарияланған спортшы қыз Анастасия Смирнованың Медеу шатқалынан Назар есімді жігітпен табылғаны хабарланған еді. Алайда, іздеуге көмектескен еріктілерден қашамыз деп Анастасия мен Назар құздан құлап кеткен болатын. Ислам Угушев есімді волонтер Фейсбук әлеуметтік желісінде Назардың шатқалдан құлап, мерт болғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы дәрігерлері өзін іздегендерден қашып құздан ұшып кеткен спортшы қыздың хал-жағдайы туралы айтып берген. Спортшы қыз Анастасия Смирнова Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына жеткізілген.

«Бойжеткеннің тізе тұсының жұмсақ тіндері, көкірек қуысы зақымдалған. Аурухананың қабылдау бөлімшесінде қажетті мамандар көмек көрсетті. Тексеру жүргізілді. Денсаулығына қауіп туып тұрған жоқ», - деген болатын қалалық Денсаулық сақтау басқармасы. 

Соңғы жаңалықтар