ЖИТС орталығының мамандары қалың жұртшылық арасына шықты
«Адамның иммундық тапшылық вирусын (АИТВ) болдырмауды қолдаймын» атты іс-шара Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні шеңберінде ұйымдастырылды.
Елордалық «ЖИТС орталығының» мамандары қала тұрғындарына медициналық кеңестер беріп, ақпараттық парақшалар таратты. 1800-ге жуық адам қабылдауда болса, 120-ға жуығы өз еріктерімен АИТВ-ға жедел тестілеуден өтті.
Сондай-ақ Дүниежүзілік ЖИТС күніне орай «АИТВ-ның алдын алуды қолдаймын» хештегімен бір ай көлемінде түрлі әлеуметтік желілерде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «Тұрғындарды дерттің алдын алуға қарсы ақпараттық сауаттандыру жұмыстары айлық кезінде ғана емес, жыл бойы жүргізіледі», - дейді ұйымдастырушылар.
Астана қалалық «ЖИТС орталығы» бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Мусинаның айтуынша, осал (есірткіні инъекциялық жолмен тұтынатындар мен ақылы жыныстық қарым-қатынас ұсынатын тұлғалар) және дені сау топтарға жататын тұлғалар арасында індеттің алдын алу шаралары бірнеше бағыт бойынша әрі бөлек-бөлек жүргізіледі. «Бұл кешенді жұмыс. Әр нәтиже біз үшін жетістік», - дейді ол.
Айта кетейік, Астана қаласында үстіміздегі жылғы 10 айда АИТВ инфекциясының жаңадан 161 жағдайы тіркелді. Оның 71 пайыз жағдайында жұқпа жыныстық жолмен берілген, олардың 49 пайызы 20-39 жас арасындағы азаматтар. Инфекцияға шалдыққандардың жартысынан көбі қауіпті топ өкілдеріне жатпайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, күн сайын әлемде АИТВ-ны жаңадан жұқтырудың 7400 фактісі тіркеледі. Ал 5500 адам АИТВ салдарынан туындаған сырқаттардан көз жұмады. Сағат сайын аталмыш індетке 308 адам шалдығады.
Медициналық жетістіктердің арқасында бүгінде ЖИТС-тен адам өлмейді.
Ол үшін: ем-дом қабылдауды уақтылы бастау, дәрі-дәрмектерді қатаң түрде қабылдау, ем барысында қателікке бой алдырмау, дәрігердің бақылауында болу және анализдерді дер кезінде тапсырып тұру қажет.