Жезқазғанның бас ветеринары малдан бруцеллез анықтамау үшін пара сұраған

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жезқазғанның «Ветеринария бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы екі мал шаруашылығы иесінен үш рет пара алған. Олардың біріне тексеріс жүргізбеуге және шаруашылықтан бруцеллез анықтамауға уәде берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сотта мал шаруашылығы иесі аталған мәселе бойынша орын алған жағдайды баяндап берді. Оған мал дәрігерлері келіп, бес ірі қарадан қан алып, кейіннен телефон арқылы барлық бес сиырда бруцеллез анықталғанын хабарлаған. Мемқызметші шаруашылық иесін ірі қара малды төмен бағамен «Мәдина» шұжық цехына тапсыруды мәжбүрлеген.

Біршама уақыт өткеннен кейін мал дәрігерлері шаруашылыққа қайта келіп, тағы 10 сиырдан қан алған көрінеді. Осы жолы да сиырларға «бруцеллез» диагнозын қойған. Меморганның талабы бойынша ірі қара аталған шұжық цехына тапсырылды.

«Мен ветеринария бөлімінің басшысына барып, шаруашылығымда бұндай тексерістерді доғаруды талап еттім. Осы орайда сиырлардың бруцеллезге шалдыққанына күдікпен қарадым, себебі жақын маңдағы шаруашылықтарды бұл індет байқалмады және жалпы ауру ошағы туралы мәлімет болмады. Сәйкесінше, төтенше жағдай жарияланған жоқ», - деді Жезқазғанда өткен сотта мал шаруашылығының басшысы Алдияр Айбеков.

Ветеринария бөлімінің басшысы аталған азаматпен әңгіме барысында біреулерге қарызға кіріп кеткенін, осы ретте 200 мың теңге сомасында ақша керектігін айтқан. Егер де аталған сомадағы ақшаны жинап берсе, бұдан бұлай тексеріс болмайтындығын, сондай-ақ осыдан кейін мал шаруашылығында індет анықталмайтындығына уәде берген.

«Мен оған 200 мың теңге беруге қауқарсыз едім. Себебі еттің сатылымы төмен болғандықта, кіріс болмады. Осы орайда 100 мың теңгеге келістік, алайда бірнеше күннен соң оған 50 мың теңге бердім және осыдан кейін төлеген жоқпын», - деді сотта А. Айбеков.

Сонымен қатар ветеринария бөлімінің басшысы Жезқазған тұрғынының қорасындағы санитарлық жағдайды тексеру барысында - 5 мың теңге, кейіннен тағы да 10 мың теңге сомасында пара алған.

«Сотталушы өзінің пайдасы үшін, сондай-ақ тексерулерді тоқтату мен пара берушілерге қолдау білдіру мақсатында пара алып жүрді», - деді үкім шығару кезінде Жезқазған қалалық сотының судьясы Марат Кокушев.

Осы орайда істі болған мал дәрігері кінәлі деп танылып, пара сомасының жетпіс еселік көлемінде айыппұл тағайындалды (4 млн. 550 мың теңге). Мұнымен қоса ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару  құқығынан айырылды.

Соңғы жаңалықтар