Жезқазғанда Кетбұқа бабаға ескерткіш орнатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды облысының Жезқазған қаласында қазақ тарихында орны бөлек Кетбұқа бабаға ескерткіш ашылды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне жергілікті «Сарыарқа» газетінің өкілдері.

Октябрь Секемановтың жетекшілігімен, мүсіншілер Асқар Нартов пен Серік Рүстембековтің қиялынан туындап, қолдарымен сомдалған мүсін ұлы жыраудың  аңыз болып жеткен бейнесін барынша асқақтатып  тұр. Ескерткіштің өзі қоладан құйылып, тұғыры гранитпен қапталған. Жалпы биіктігі - 10,5 метр.

Ескерткіштің ашылу салтанатына алыс-жақыннан келген халық көп болды. С. Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театр әртістерінің күшімен қойылған көрініс Кетбұқа баба өмірінен сыр шертті.

«Біз тарихи тұлғаларымызды танымай, дәріптемей, ұлы тарихымызға үңілмей - алға баса алмаймыз. Бұл туралы Елбасы да үнемі айтып отырады. Өйткені, 800 жыл бойы өзінің лайықты бағасын ала алмай келген бабамыздың ескерткіші бүгін үлкен шаһардың қақ ортасына орнатылды. Кезінде өзі сан мәрте жортқан, ізі қалған Ұлытау өңіріне Кетбұқа тұлпарымен келіп, тұғырға қонуы ақылға қонымды, тарихи заңдылық», - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов ескерткіштің ашылу салтанатында.

Облыс басшысы өз сөзінде бұрын Кетбұқа есімін көпшілк күйші ғана ретінде білетінін, ал бүгін зерттеушілер бабамыздың жырау, ақын, би, шешен, батыр болғанын дәлелдеп отырғанын жеткізді.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқару кеңесінің бас директоры Бақтияр Әбдірахманұлы, Қазақстанның Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев жерлестерін баба ескерткішінің ашылуымен құттықтады.

Фото әлеуметтік желіден алынды. 

Соңғы жаңалықтар