Жетісуда «Бір уыс бидай» фильмі қалың көрерменге жол тартады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасы 31 мамыр - ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көркем фильм түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа туынды ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қаза тапқан бес миллиондай қазақтың рухына арналған. Мұхтар Мағауиннің әңгімесінің желісі бойынша түсірілді. Сценариін  жазған Серік Әбікенұлы. Фильмге Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрдың және Ғабит  Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының актерлары қатысты.

«Бір уыс бидай» - бір отбасы трагедиясы арқылы тұтас ұлт қасіретін көрсетуді мақсат етеді. Шығармашыл ұжым нәубет жылдардағы қазақ халқының басындағы қасіретті шынайы жеткізуге тырысты. Түсірілім жұмыстары Алматы облысының Қаратал ауданы маңында жүргізілді. Көркем фильм 31 мамыр күні сағат 20:35 те  «Жетісу» арнасының эфирінен көрсетіледі.

Айта кетейік, бұл «Жетісу» арнасы жарыққа шығарған алғашқы  фильм емес. Бұған дейін  «Құдайы қонақ» комедиялық туындысы  2015 жылы  жайлауда түсіріліп, көрермендердің жоғары бағасын алған болатын. Бұл фильмнің басты ролдерін телеарнаның шығармашыл тобы сомдады.

Соңғы жаңалықтар