Жетімдер үйінде тәрбиеленген ақтөбелік әйел аналар үйін паналап жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Тамды балалар үйінде тәрбиеленген Надежда Юрьева 23 жасында Аналар үйін паналап жүр. Бүгін ақтөбелік депутаттар жас аналардың жағдайын біліп, оларға шағын сый жасады. 

Ақтөбедегі Аналар үйінде 9 адам тұрады. Жас аналар бір үйдің баласындай тату, ұйымшыл. Тағдыры бір жандар арасында жетімдер үйінде тәрбиеленіп, кейін Ақтөбе қаласына келіп, пәтер жалдаған, жұмыс істеген Надежда Юрьева бар.



«Ақтөбе қаласына келген соң әртүрлі жұмыстарды істедім. Еден жудым, ыдыс жудым. Түрлі салада еңбектеніп, нанымды таптым, пәтер ақысын төледім. Жүкті екенімді білген соң мені жұмыстан шығарып жіберді, кездесіп жүрген жігіт те бас тартты. Арманым отбасы құрып, балалы болу еді. Бірақ бұл бақыт бұйырмады. Барар жерім қалмаған соң Аналар үйіне келдім. Бір айдан бері қайырымды адамдардың жанында жүрмін»,- деді Надежда Юрьева.

Балалар үйінің тәрбиеленушісі туа бітті дертке шалдыққан. Оның жамбас сүйегі қисайып кеткен. Жалғыз өзіне ғана сеніп, тірлік етіп жүрген Надежда Юрьева Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданында 116 болып пәтер кезегінде тұр.

«Жайсаң колледжінде білім алып, тігінші мамандығын меңгердім. Жұмыс істеп жүрген кезде сүйіктіммен кездесіп, болашаққа жоспар құрған едік. Ата-анасы қарсы болды. Мен жетім өстім, мүгедекпін. Қазір осы жағдайға түсіп, қиналып жүрмін. Өз баспанам болса баламды бауырыма басып, тәрбиелер едім»,- деді Надежда Юрьева.

Әртүрлі себеппен Аналар үйіне түскен ақтөбеліктерге бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиал қызметкерлері, мәслихат депутаттары барды. Отбасы күніне орай арнайы сыйлықтар берді. Партияның облыстық филиалының бөлім басшысы Ақылбек Сахиевтің айтуынша, «Бақытты отбасы - бақытты балалық шақ» жобасы аясында жас аналарға көмек көрсетіледі.

Ақтөбедегі Аналар үйі 20 адамға арналған. Қазір 9 адам тұрып жатыр.

«Бізге келетіндердің көбі ауылда туып-өскен жас қыздар және балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері. Өткен жылдары әке-шешесінен сескеніп, жүктілігін білдіртпеу үшін Қызылорда және Қостанай, Атырау облысынан келгендер де болды, - деді «Ана үйінің» үйлестірушісі Тансұлу Лакова.

Соңғы жаңалықтар