Жергілікті жерде кинотеатрларды көптеп ашу қажет - Үкімет басшысы Сағынтаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың ойынша, отандық киноиндустрия саласына бизнесті көптеп тартып, моноқалалар мен шағын қалаларда кинотеатрларды көптеп ашу қажет, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кино - бұл бизнес. Егер фильмнен пайда түспесе, киноиндустрияның дамуы да екіталай. Ондайда сапасыз фильмдер көбейіп кетеді. Оны бір рет көреді де, ұмытып кетеді, ақша да құмға сіңген судай жоқ болады. Сондықтан киноны бизнес ретінде дамытатын болсақ, сапалы фильмдерді, xалық көретін фильмдерді түсірген дұрыс. Сосын қанша ақшаның ақталғанын бірден анықтап отыру қажет. Иә, сапалы фильмдерді түсіру үшін ақшаның көлемі аз болмауы тиіс. Әрине, әзірше біз Голливуд, я болмаса, Боливудтың деңгейінде түсіре алмайтын шығармыз. Сондықтан кинемотографияны дамыту тұжырымдамасы аясында отандық киноиндустрияны қолдау шараларын қайта қарап шыққанымыз жөн болар», - дейді Сағынтаев.

Премьер-министрдің ойынша, кино бизнес болса, оған кәсіпкерлер көптеп келуі керек.

«Бүгінде еліміздің географиялық жағдайын ескерсек, бұрынғы кеңестер кезінде сияқты 7 мың елді мекеннің әрбіреуінде кинотеатр ұстау оңай емес. Дегенмен, аудан орталықтары бар. Бір қызығы, Талғарда неге кинозал жоқ? Бәлкім, бір қолдау жасап, бизнестің жергілікті жерге баруына жағдай жасау қажет шығар. Моноқалалар мен шағын қалаларға барса да болады. Бізде бар болғаны 29 моноқала және 41 шағын қала бар. Аудан орталықтарын да ұмытпау қажет. Жаңылмасам, 2012 жылда «Даму» қоры арқылы жергілікті жерде кинотеатрларды ашуға жеңілдетілген несеиелер беру туралы ұсыныс болған. Оның қалайша іске асқанын білмеймін. Дегенмен, осы іспетті шараларды жинақтасақ, әжептәуір қолдау жасай аламыз. Көрермен қауым облыс орталығына бармай-ақ фильмдерді кинотеатрдан көре алады. Ал кинотеатрда көрген фильмнің әсері мүлдем өзгеше болады. Оны бәрі жақсы біледі», - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар