Жерге қатысты халықтың ұсыныстары жаңа заңда қаншалықты ескерілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы ауыл шаруашылығы жерлерінің өз азаматтарымызға жекеменшікке сатылатыны, ал шетелдіктерге жалға берілетіні жайында айтылғанда халықтың дүрлігіп қалғаны есімізде. Ашығын айту керек, аталған нормалар бұған дейін де болған. Алайда «сатамыз бен жалға береміз» деген сөздер қатар айтылғаннан кейін ел жердің кімге сатылатынын және кімге жалға берілетінін дұрыс айырмай, «Жер шетелдіктерге сатылмасын!», - деп көшеге шықты. Содан мораторий жарияланды. Ал Жер комиссиясы аймақтарды аралауға кірісті. Сөз жоқ, қарапайым халық жаңа реформаны дұрыс түсінбесе де, мемлекет тарапынан осы мәселені жіті бақылауға алудың арқасында ауыл шаруашылығы жерлері саласындағы біраз проблемалар анықталды. Жер комиссиясы халықтың мүддесін ескеріп, біраз ұсыныстарды даярлады. Бүгін соның барлығы дайын заң жобасы ретінде депутаттардың қарауына түсті. ҚазАқпарат тілшісі ол құжатта комиссия отырыстары кезінде айтылған мәселелердің қаншалықты қамтылғанын пысықтап шықты.

Жерді таратуда әділдік болуы шарт

Шыны керек, үш ай бойы жұмыс жасап, бірнеше аймақты аралаған Жер комиссиясына оңай болған жоқ. Комиссия мүшелері біраз мәселелерді қызу талқыға салды, ұрысты, дауласты. Дегенмен, соңғы отырыста бір келісімге келді. Атап айтқанда, жерді өз азаматтарымызға жалға беруге қатысты нақты ұсыныстар қағаз бетіне түсті. Неге тек жалға беруге қатысты? Себебі жаңа екі нормаға (жерді Қазақстан азаматтарына жекеменшікке сату және шетелдіктерге жалға беру - авт.) мораторий жарияланғаннан кейін бұрынғы «Қазақстан азаматтарына 49 жылға жалға беру» қағидаты қайта орнына келді. Осыған байланысты комиссия нақты ұсыныстар даярлаған болатын. «Біріншіден, ашығын айтсақ, қазіргі кезде көптеген жағдайда жерді жалға беруді әкімдердің өздері шешіп жатқаны жасырын емес. Бұған қатысты біздің ұсынысымыз, жерді жалға беру демократиялық негізде, ашық түрде болуы керек. Сондықтан бұл мәселені әкімдердің жеке құзырында қалдырмай, халықтың өкілдері кіретін комиссия шешуі керек. Комиссияға қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері кіруі керек. Яғни, жерді жалға беру, я болмаса, мемлекетке қайтару мәселесін тек осы қоғамдық комиссиялар ғана шешуі керек. Екіншіден, қазіргі таңда жерді беру туралы ақпарат, көбінесе, жасырын түрде өтеді деуге болады. Мұндай мәліметтеді әкімдердің қасында жүргендер көбірек біледі. Біз жерді жалға беру туралы ақпаратты 30 күн бұрын әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы аудан, облыс пен республика деңгейінде ашық түрде ұйымдастыруды ұсынамыз, яғни қарапайым халық қай жерде, қанша жер аумағы жалға берілетіні туралы хабардар болуы керек», - деді комиссияның соңғы отырысында Ақылбек Күрішбаев.

Жер комиссиясының үшінші ұсынысы келесі мәселеге саяды. Бүгінде жерді жалға беру туралы келісімшарт жобасын әкімдер өздері дайындайды. Комиссия мүшелері онымен де келіспей, мемлекеттік деңгейде бірыңғай типтік келісімшарт жасауды ұсынды. Онда жалға алушының құқықтары және міндеттері барлық аймақтар үшін бірдей болуы керек.

Жерді заңсыз жалға берген шенеуніктерді қалай жазалап жүрміз?

«Төртіншіден, жер сапасын бақылап отыру қажет. Ашығын айту керек, елімізде жер сапасын бақылау жүйесінде көптеген кемішіліктер бар. Мысалы, бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы қожалықтарында жердің төлқұжаттары, паспорттары әлі жоқ. Сонымен қатар, елімізде мемлекеттік кадастр, яғни жердің бағасын анықтаудың әдістемесі 2003 жылы бекітілген. Ал 14 жылдың ішінде қаншама экономикалық өзгерістер болды. Дамыған мемлекеттерде әрбір үш-бес жыл сайын жердің бағасы жаңартылып отырады. Осыған байланысты жердің нақты салықтық бағасына қатысты көптеген сұрақтар туындауда. Мәселен, елімізде кейбір құнарсыз жерлердің салық мөлшері құнарлы жерлердің салық бағасынан қымбат. Ал кейбір аймақтарда жайылым мен шабындық жерлері егістіктен де жоғары», - деді экономикалық топтың мүшелері.

Жер комиссиясына кіретін топтың бесінші ұсынысы жерді заңсыз бөлу фактілері үшін жауапкершілікті күшейту мәселесіне арналған болатын. Себебі ондай жағдайлар халықтың нарызылығын тудырады. Өкінішке қарай, заң бұзушылық әрекеттеріне мемлекет сенім білдіріп отырған лауазымды тұлғалардың өздері жол беруде. Ал ондай жағдайлар заңның әлсіздігінен туындап отыр. Мәселен, ҚР Әкімшілік кодексі бойынша құзіретті тұлға жерді жалға заңсыз беретін болса, жерді мемлекетке заңсыз қайтарса, оған салынатын айыппұлдың мөлшері 30 АЕК құрайды. Оның көлемі небәрі 63 мың 600 теңгені құрайды.

«Бұндай жазалау шараларымен біз ешқандай тәртіп орната алмаймыз. Сондықтан Әкмішлік кодексті күшейтуді ұсынамыз. Ал егер заңсыз әрекеттер мемлекеттің мүддесіне қайшы келсе, кінәлі тұлғалар Қылмыстық кодекс бойынша жауап берулері керек деп есептейміз. Қоғамдағы көптеген түсінбеушілік ашық ақпараттың жоқтығынан туындайды. Сондықтан біздің ұсынысымыз, кімнің қанша жері бар екендігі туралы ашық ақпарат беретін сайт ашу керек. Сонда кез келген адамға жер мәселесінен хабардар болуға жағдай жасаймыз. Ал халықтың үкіметке деген сенімі артады», - деп атап көрсетті Күрішбаев мырза.

10 сотық жерді беру үшін жерді мемлекет мұқтаждығына қайтару қажет

Жер комиссиясы кезінде ауыл шаруашылығы жерлерінен бөлек жеке үй құрылысына 10 сотық жерді беру мәсеслесі де кеңінен талқыланды. Себебі комиссияның қарауына түскен хаттардың басым бөлігі дәл осы мәселеге байланысты болды.
«Бұл - өте маңызды мәселе. Өйткені бізге түскен сұрақтардың 75 пайызы жеке тұрғын үй құрылысына жер беру мәселесіне байланысты. Осы мәселені шешу үшін мынандай ұсыныс жасап отырмыз. Заң жүзінде жергілікті атқарушы билікке, яғни әкімдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет мұқтаждықтарына сатып алуға құқық беру керек. Сонда қалалардың, соның ішінде облыс орталықтары, аудан мен ауылдардың төңірегіндегі жерлерді сатып алып, кезекті тұрған азаматтардың мәселесін шешуге болады. Әрине, одан кейін инфрақұрылым мәселесі бар. Дегенмен, дәл қазір қолбайлау болып отырған мәселе ол - жерді мемлекет мұқтаждықтарына сатып алу құқығының жоқтығы», - деген болатын Премьер-министрдің орынбасары-ауыл шарушылығы министрі, комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов.

Оның айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы жерлерін тек мектеп, аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандарды салуға ғана мемлекет мұқтаждықтарына сатып алуға рұқсат бар.

Латифундистердің жері туралы ақпаратты ашық жариялаған жөн

Жер комиссиясының тағы бір тобы латифундистер, яғни ірі жер иеленушілері туралы ақпаратты ашық жариялауды ұсынған болатын.
«Бізге кадастрлық паспортизацияны ұйымдастыру қажет. Қазір ондай кадастр бар. Бірақ жер иелерінің аттары жоқ. Өйткені ол үшін арнайы заңға өзгерістер енгізу керек. Жерлердің көлемі шектеулі болуы керек. Ондай шектеулер жоқ. Осы сұрақтар бойынша да комиссияда конценсус бар сияқты», - деді М.Тайжан.

Ірі жер иеленушілері туралы ақпаратты ашық жариялауды экономист ғалым, профессор Кенжеғали Сағадиев те қолдаған еді.
«Әй, осы 1,3 млн. гектарды саттық. Кімге саттық? Кімдер олар? Қанша жерлері бар? Олар не істеп жатыр? Қайда тұрады? Осы туралы бір ақпарат бар ма? Жоқ па? Егер осының барлығы дұрыс болса, әрі қарай сатуға болады. Ал егер бұның ішінде көптеген бұрмалаушылықтар болса, онда жабылу қазан жабулы, жерді сатпай, ең кемі, мораторийді 10 жылға ұзартып жіберу керек», - деді К.Сағадиев.

Осы мәселеге қатысты комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов түсініктеме беріп, кадастрдан бөлек, жеке ақпарат туралы заңның бар екенін еске салған болатын.

«Бұл мәселе бұған дейінгі отырыстарда да көтерілген. Ал, енді, ол тізім (ірі жер иеленушілері - авт.) қазір міне толық анықталуға жақын. Бірақ бұл жерде бір мәселе бар. Біз енді заңды да ескеруіміз қажет. Заңды да құрметтеуіміз керек. Заңда айтылған, меншік иесінің келісімі болса, сонда ғана оны жариялауға болады, яғни ол жерде белгілі дәрежеде шектеу бар. Қазір біз сол жөнінде келісіп жатырмыз. Егер олардың келісімі болған жағдайда оны жариялауға болады. Ал егер келісім болмаған жағдайда заң жағынан белгілі бір проблемалар туындауы да мүмкін», - дейді А.Мырзахметов.

Жаңа заңда барлық мәселелер қаншалықты ескерілген?

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмысты бастағанын мәлімдеді.

«Аталған заң жобасы Жер реформасы бойынша комиссия жұмысының қорытындысы аясында әзірленді. Заң жобасының негізгі ережелері жер пайдалану құқығын беру тұрғысында конкурстық комиссияның қызметін егжей-тегжейлі реттеу арқылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді берудің айқын тетіктерін белгілеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануын және тұрақты мониторинг жүргізу арқылы жер пайдаланушылардың өздеріне алған міндеттемелерін орындауына бақылауды күшейтуге қатысты», - деді депутат Сапархан Омаров Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, мұнымен қоса, мемлекеттік органдарға қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерінің шекті максималды көлемін анықтау бойынша құзырет беріледі. «Бұдан басқа, заң жобасымен мемлекет мұқтажына жеке тұрғын үй құрылысын дамыту және ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету үшін жерді алып қою мүмкін болатын ерекше жағдайлардың тізбесі кеңейтілген. Сонымен қатар қорғаныс мұқтажы және ұлттық қауіпсіздік үшін жерлерді берумен байланысты мәселелер қарастырылған. Шекара маңындағы аумақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін беруге талаптар анықталған. Жалпы, ұсынылып отырған заң жобасындағы нормалар жергілікті атқарушы органдар қызметінің жариялылығының дамуына, ауыл шаруашылығы жерлерін беру жүйесінің ашықтығына бағытталған»,- деді Омаров.

Байқап қарасақ, ауыл шаруашылығы ұсынған заңда Жер комиссиясы әзірлеген ұсыныстардың басым бөлігі енді. Ішінде кадастр туралы ақпаратты ашық жариялау жайы көрсетілмесе де, халыққа қажетті жеке тұрғын үй құрылысы, жайылымдық жерлер, бір қолға берілетін жердің көлемі, ал ең бастысы, жерді тарататын конкурстық комиссиялардың қызметін реттеу мәселесі бар. Ендігі кезекте, осының бәрі қабылданып, іс жүзінде іске асырылса, ауыл шаруашылығы саласындағы біраз мәселелер шешілетін еді.

Соңғы жаңалықтар