Жерді сауда мен саясаттың құралына айналдырмауымыз керек - сенатор

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жерді сауда мен саясаттың құралына айналдырмауымыз керек. Мұндай пікірді бүгін Сенаттың жалпы отырысында жер қатынастарын реттеу мәселелерін көздейтін заң жобасын талқылау барысында депутат Мұрат Бақиярұлы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақтың жері - қазақтың жаны мен демі, тіршілігі, Тәуелсіздігіміздің тірегі. Жер - ұлтаралық татулықтың негізі. Бірнеше ғасырлар бойы отарлау саясатының зардабын тартқан қазақ халқы шетелдіктерге жерді жалға беруді қабылдай бермейтіндіктеріне  көзіміз анық жеткендей болды. Осы бір көңіл ауанын ескеріп, жерді сауда мен саясаттың құралына айналдырмауымыз керек. Жер тағдырына халық алаңдап отыр, «жер халықтың ортақ байлығы, жекешеленбейді, сатылмауы керек» деген ой-пікірлер бұрын да, қазір де айтылып келеді. Біздер мұны ескеруіміз керек. Сондықтан да болашақта жерді пайдаланудың осы кезге дейін қолданылып келе жатқан жалға беру түрін ғана негіз етіп алғанымыз дұрыс», -  деді Мұрат Бақтиярұлы.

Ал сенатор Төлеубек Мұқашев қазіргі уақытта ауыл тұрғындары жер учаскелерін рәсімдеу үшін көптеген кедергілерге тап болып отырғанын айтты.

«Әсіресе бұл мәселе алшақ жерде орналасқан ауыл тұрғындарына өте қиын. Сондықтан ауыл әкімі  жер учаскелерін  жекеменшікке немесе оны  пайдалануға беру қызметін өз мойнына алуы тиіс.  Осылайша ауыл тұрғындары үшін әкімшілік тосқауылдардың қаупі төмендейді.  Тағы да бір мәселе, жер учаскесін шекті нормасын ұлғайтуды қажет етеді. Әсіресе, ауылды елді мекендерде орынды болып табылады. Себебі, баршамызға ауылдың жағдайы мәлім. Ауыл тұрғынының күнкөрісі жермен байланысты. Өзінің учаскесіне жермен қоса қорасын да, моншасын да, сарайын да тұрғызуы қажет», - деді сенатор.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Рашит Әкімов жер қатынастарын реттеу мәселелерін көздейтін заңның қабылануына байланысты Үкіметтің алдында бірқатар мәселенің тұрғанын атап өтті.

«Үкімет алдында осы өтпелі кезең деп отырған уақыт аралығында ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты мәселелерді саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан сараптап, жан-жақты зерделеу міндеті тұр. Келешекте осы мәселеге байланысты тағы нақты ұсыныстардың   болары да анық»,-  деді Рашид Әкімов.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Соңғы жаңалықтар