Жерасты суларын пайдаланудың нақты жоспарын жасау қажет - Нығматулин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халық арасында суды үнемдеп пайдалану туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде Қазақстанымыз үлкен белестерге шықты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының және стратегиялық мақсаттарының арқасында біз барлық салаларда жоғары табыстарға жеттік. Әсіресе, әлеуметтік-экономикалық бағытта көптеген маңызды жобалар қолға алынды. Оның ішінде бүгінгі талқылап отырған ауыз су мәселесін де айтуға болады.  Әрқашанда су - ол тіршіліктің көзі, өмірдің бастауы, азаматтың қуаты. Онсыз өмір болмайды. Халқымыз айтқандай, «су бар жерде береке де бар». Жер бетінде адам саны өскен сайын ауыз су да әлемдік маңызды мәселеге айналды. Біздің елімізде де ол ең негізгі сұрақтардың бірі», - деді Мәжіліс Төрағасы еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау барысында.

Оның айтуынша, аталған салада «Таза ауыз су», «Ақбұлақ» сияқты бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар қазіргі уақытта Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы мен «Нұрлы жол» арқылы жалғасын тауып отыр. Оны заң жағынан қолдау үшін Мәжіліс те көптеген шаралар атқарып келеді. Депутаттар тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар жасап, бюджеттен қосымша қаражаттар бөлуге де ерекше ықпал етті.

«Сондықтан ауыз су мәселесін шешу үшін мемлекеттен жыл сайын керек қаржы бөлініп отыр. Ендігі мәселе - оны тиімді пайдалану. Ал ол үшін барлық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, суды пайдаланудың жаңа технологияларын енгізу қажет. Осыған орай жерасты суларын пайдалануға қатысты нақты жоспар жасап, ауылдарда жаңа су құрылыстарын қолға алу керек. Осының барлығы ауыз су мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге халық арасында суды үнемдеп пайдалану туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Себебі «судың да сұрауы бар» дегендей, бір тамшы суды бағалап, қолда бар байлығымызды сақтау баршамыздың ең үлкен міндетіміз», - деді Нұрлан Нығматулин.

Соңғы жаңалықтар