Жер учаскесі тек мемлекеттік корпорация арқылы берілуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Адамдар мемлекеттік қызметтерді алуда жаңа технологияларға әлі де үреймен қарайды.  Бұл туралы «Нұр Отан» партиясында мемлекеттік қызметті көрсету тақырыбына арналған отырыста Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Қайрат Балықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өзекті мәселелердің бірі  - кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде қызметті алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты жоюға қатысты. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдар да ескеріліп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе Қарағанды, Ақмола облыстарында қанатқақты жобаны іске асыру пысықталып жатыр. Осы орайда жер учаскесін тек мемлекеттік корпорация («Азаматтарға арналған үкімет») арқылы беру тұрғысында қызметтерді көрсету қарастырылған», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұл бағытта тиісті жол картасының жобасы да әзірленді. Қазіргі кезде осы құжат келісу кезеңіне шығарылды.

Бұдан бөлек Қ. Балықбаев «электрондық үкімет» порталында жұмыс істеу жеңілдеп келе жатқанын, сәйкесінше көрсетілетін қызметтер саны артып отырғандығын атап өтті. 

«Өкінішке қарай, ел тұрғындары «электрондық үкімет» порталының мүмкіндіктері жайында көп жағдайда біле бермейді. Көбіне бұл жаңа технологияларға үреймен қарау, кабинеттерді жағалап жүру әдетімен байланысты болып отыр. Сондықтан біз порталдың мүмкіндіктері бойынша түсіндіру шараларын жиі жүргізіп жатырмыз. Осыған байланысты портал арқылы қызметтерді алуды кеңінен насихаттау, сондай-ақ азаматтарды қажетті цифрлық дағдыларға үйрету үлкен маңызға ие. Бұл мақсатты жергілікті атқарушы органдардың көмегінсіз тиісті деңгейде іске асыра алмаймыз», - деді вице-министр.

Фото: yvision.kz

Соңғы жаңалықтар