Жер учаскелерін беру мәселесі: Әкімдіктер бар қаржыны алмай отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті әкімдіктер жер учаскелеріне инфрақұрылым желілерін тартуда құлықсыздық танытып отыр. Соның салдарынан xалыққа жер учаскелерін тарату мен тұрғын үйлерді салу жұмысы кейінге шегеріледі. Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек әкімдерге осы мәселені тағы бір рет ескертіп өтті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жерде қазір әкімдіктер селекторда отыр ғой. Былтыр бюджетті жоспарлағанда бізде (жер учаскелеріне инфрақұрылым желілерін тартуға - авт.) 80 млрд теңге арнайы бөлінген болатын. Бірақ әкімшіліктердің берген құжаттары тек 38 млрд теңге болды. Бұл дегеніміз, биыл ол инфрақұрылымды салмасақ, онда келе жатқан 2019-2020 жылдарда тұрғын үйлерді сала алмаймыз», - деді Ж.Қасымбек министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Министрдің айтуынша, алдағы екі-үш айдың ішінде республикалық бюджет нақтыланатын болады. «Сондықтан әкімшіліктерге айтарымыз, керек құжаттарды осы бір-екі аптаның ішінде бізге тапсыруларыңыз қажет. Барлығын сараптамадан өткізіп, министрлікке беру керек. Бізде қазір оған бөлінген қаржы бар. Осы айдың ішінде оны істемесек, онда облысқа қаржы жіберілмейді деген сөз», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек. 

Айта кетейік, елімізде жыл сайын 40-50 мың жер учаскесіне инфрақұрылым желілерін тарту жоспарланған. «Қазіргі келген 40 млрд-тың ішінде 15 млрд теңгені ғана ЖТҚ-ға (жеке тұрғын үй құрылысы), яғни 15 мың учаскеге (инженерлік желілерді тарту үшін - авт.) деп отыр. Бұл - әкімдіктердің есебі. Негізі, біз тағы да 40 млрд аламыз деп отырмыз. Өйткені жыл сайын «Нұрлы жер» бойынша 80 млрд теңге берілуі керек. Біз, кем дегенде, 40 мың учаскеге инфрақұрылым апаруымыз қажет. Әкімдіктер әлі де өз есептерін береді. Қазіргі құжаттар бойынша 15 мың учаске беріледі деген жоспар бар. Жалпы, осы көрсеткішті 40 мыңға дейін жеткізуіміз керек», - дейді  ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетов. 

Соңғы жаңалықтар