Жер туралы заң жобасы Сенатқа жолданды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жер қатынастарын реттеуге арналған заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, депутат Берік Оспановтың айтуынша, аталған құжат Жер комиссиясының жұмысы нәтижесінде әзірленген. Комиссия бірнеше шешім шығарған болса, соның барлығы заң жобасына еніп отыр. "Мәселен, жарғылық капиталында шетелдіктердің немесе шетелдік заңды тұлғалардың үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылық жерлерін жалға беруге мораторийдің қолданылуы кеңейтіледі. Енді, жарғылық капиталға шетелдік қатысудың кез келген пайызы жер учаскесіне тиісті құқықтарды алмауға себеп болады. Осылайша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін шетелдік жер пайдаланушыларға жалға берілмейді. Барлық жеке және заңды тұлғалардың жеке меншігіне де берілмейтін болады. Ал республика азаматтарына және шетелдіктер қатыспайтын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер уақытша жерді пайдалану құқығымен ғана беріледі", - деп атап көрсетті Б.Оспанов.

 Депутаттың сөзіне қарағанда, заң жобасы аясында отандық жер пайдаланушыларға жерді жалға беру институтын жетілдіру шаралары жоспарланған. Ол үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурстық негізде жалға беру тәртібін реттейтін нормалар енгізіліп отыр. Конкурстардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жер комиссияларының құрамына мемлекеттік қызметшілерден бөлек қоғам өкілдері де кіретін болады. "Сондай-ақ, тұрақты мониторинг енгізу арқылы ауыл шаруашылығы жерлерінің ұтымды пайдаланылуын бақылауды күшейту көзделген. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға, пайдаланбай жатқан жерлерді уақтылы анықтауға және оларды шаруашылық айналымға тартуға, сондай-ақ, қоғамдық бақылауды арттыруға мүмкіндік береді", - деп атап көрсетті Б.Оспанов.

 Бұдан бөлек, заң жобасында әрбір аймақтың табиғи сипаты мен экономикалық мамандануына қарай жердің шекті мөлшерін белгілеу көзделіп отыр. Шекара аймағындағы жерлерді беру талаптары да айқындалды. Ал ауылдың айналасындағы жайылымдық және шабындық жерлері бәріне ортақ болады.

 Айта кетейік, құжаттың толық атауы - "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы. Алдағы уақытта оны сенаторлардың талқылауына шығарады.

Соңғы жаңалықтар