«Жер қойнауын пайдалану» кодексіне қандай өзгерістер енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР кодексінің жобасы бойынша осы салаға қандай өзгерістер енгізілетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астанада «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР кодексінің жобасын талқылауға арналған «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің кеңейтілген отырысы өтуде. Оның барысында кодекс жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Шавхат Өтемісов жаңа заңнамалық құжат Ұлт жоспарының 74-ші және 75-ші қадамдарын іске асыру мақсатында әзірленгенін атап өтті.

«Кодекстің алдында тұрған мақсаттарды үш бөлімге бөлуге болады. Ең алдымен, осы саладағы заңнаманы жетілдіру көзделіп отыр. Соның арқасында жер қойнауын пайдалану саласына инвестиция тарту жоспарлануда. Екіншіден, минералдық шикізат қорын толықтыру. Кодекс жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Бұл заң жобасының жаңалықтары - ең алдымен, қазіргі жер қойнауын пайдалану саласындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеру», - деді депутат шарадан тыс тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазіргі кен орындары Кеңес одағы кезінен бастап игеріліп жатыр. Бүгінде олардың қорлары сарқыла бастаған.

«Жаңадан ашылып жатқан кен орындары жоқ. Бұл салада қазір ең үлкен кедергі бар. Біріншіден, қаражаттың жетіспеушілігі, екіншіден әкімшілік кедергілер жетерлік. Сол себептен, халықаралық тәжірибелер зерттелді. Бұл тұрғыда ең үздік мемлекеттердің қатарына Автралия, Канада мемлекеттерін атап өтуге болады. Инвестиция келу үшін біз қолайлы жағдай жасауымыз керек. Соның арқасында кен орындарын игеретін қаражаттың мөлшері өсуі мүмкін. Мысалы, бүгінгі күні Қазақстанда геологиялық зерттеу жұмысы бойынша бір шаршы шақырымға небәрі 7 АҚШ доллары жұмсалады екен. Дамыған мемлекеттерде мәселен, Автралияда бұл мақсатқа 167 АҚШ доллары, Америкада 87 АҚШ доллары, Канадада 203 АҚШ доллары кетеді. Осының барлығын салыстыра келе қаншама қаражат керек екенін түсініп отырмыз», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, геологиялық зерттеу жұмысына жаңа кодекс бойынша жеке қаражат бөлінетін болады. Соның арқасында осы салада жұмыс атқаратын компаниялардың саны артуы ықтимал.

«Геологиялық зерттеу жұмысы ашық болады. Яғни, қазіргі жағдайда инвестор біздің елге келгісі келсе де, жер қойнауы туралы толық мәліметті таба алмауы мүмкін. Сондықтан мәліметтерді оларға интернет арқылы қолжетімді етуге күш салып жатырмыз. Тағы да бір ерекшелігі - қатты пайдалы қазбалардың саласында «бірінші келген - бірінші алады» қағидаты іске асырылатын болады. Сондай-ақ қазіргі жағдайда инвестор жер қойнауын алу құқығын пайдалану үшін келісімшартқа отыру керек. Ол 18 айға дейін созылуы мүмкін. Егер жаңа қағидат іске асса, жер қойнауын пайдаланушы сол құқыққа 10-15 күннің ішінде ие болады», - дейді Шавхат Өтемісов.

Депутат сондай-ақ, жер қойнауын пайдалануда көптеген сараптама жұмыстары жойылатынын айтады. Дегенмен, ең маңызды саналатын - экологиялық және өнеркәсіп сараптамалары сақталады.

«Осының барлығы инвесторлардың келуіне себеп болады деген ойдамыз. Кодекстің ең басты мақсаты - жер қойнауы саласына инвесторларды тарту», - деп түйді Шавхат Өтемісов.

Соңғы жаңалықтар