Жер қойнауын игеріп жатқан инвесторларға салық жағынан жеңілдіктер беру көзделген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жаңартылған Салық кодексінің кейбір тұстары жайында айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, кодекске енгізілген өзгерістердің біраз бөлігі жер қойнауын игеру жұмыстарына арналған.

«Осының арқасында қосымша территорияларға геологиялық барлау жасауға мүмкіндік туады. Біз коммерциялық бонусты алып тастауды жоспарлап отырмыз. Инвесторлар оны «табыс үшін бонус» деп атайды. Себебі қандай да бір ресурстар табылғанда ол үшін соманың біраз бөлігін төлеуге тура келеді. Бұдан бөлек, «қол қою бонусын» төмендетуді көздейміз. Аталған салықты келісімшартқа қол қойғанда төлейді», - дейді Сүлейменов.

Сондай-ақ отандық мұнай-газ саласына инвесторларды көптеп тарту мақсатында  барлау мен өндіру кезіндегі салықтарды алып тастау мәселесі қаралып жатыр. Оның орнына нақты коммерциялық табыс салығын енгізу туралы ұсыныс бар. Ондайда жер қойнауын игеріп жатқан инвестор нақты табысқа ие болғанда ғана салықтың тиісті мөлшерін төлейді.

Айта кетейік, баспасөз мәслиxатында министр екі күннен кейін кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағдарламасы аясында несие беру шараларының басталатынын мәлімдеді . Сондай-ақ қазіргі экономикалық өсіммен дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру қиын болатынын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар