Жер-2017: Құтқарушылар Тараздағы «жер сілкінісінен зардап шеккендерге» аттанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайында «Жер-2017» республикалық командалық-штабтық жаттығулар өтті. Осы жолы құтқарушылар шартты түрде Тараз қаласындағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге аттанды. Сол екі арада кинологтар адам іздейтін иттерді үйретудің қыр-сырын ашса, әуежайдың қызметкерлері апатты жағдайда қонатын ұшақтар туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кеткен жөн, «Жер-2017» республикалық командалық-штабтық жаттығулар үш жылда бір рет ұйымдастырылады. Негізгі мақсат - төтенше жағдайлар болған жерге тиісті қызметтерді аттандыру. Биылғы сценарий бойынша Жамбыл облысы Тараз қаласында жер сілкінісі болды. Риxтер шкаласына сәйкес, жерасты дүмпулер 9 баллға дейін жетті. Содан жедел көмек көрсететін қызметтер - дәрігерлер, құтқарушылар, байланыс мамандары мен кинологтар оқиға болған жерге аттанды.

Ережеге сәйкес, ұшақпен аттанатын мамандар алдымен тіркеуден өтуі тиіс. Олар да жолаушылар сияқты билетпен тіркеуден өтеді. Алайда ол билеттердің бәрін алдын ала дайындап қояды да, тіркеу шарасын жылдам өткізеді. Сосын барлық құрал-жабдықтарды тексереді. Құтқарушылар да тексерістен өтуі керек. Оны да жылдам жасайды. Осыдан кейін бәрін автобусқа отырғызып, ұшаққа апарып тастайды. Осы жолы олар ешқайда ұшқан жоқ. Жаттығуды ойдағыдай орындап болғаннан кейін фотоға түсті де, жұмысқа тарады.



Бүгінгі шараға кинологтар да қатысты. Олар адам іздейтін иттерді қалайша таңдайтынын және осы қызметке қалай үйрететінін айтып берді. «Ондай иттер өте мейірімді болуы қажет. Онсыз адам іздемейді. Сондықтан осы қызметке таңдаған кезде алдымен барынша мейірімді иттер іріктеледі. Содан біз оларды адамды іздеуге үйретеміз. Тығылмақ ойнаймыз. Адамды тапса, сый береміз деген сияқты. Сосын бұндай иттердің жүйкесі мықты болуы шарт. Себебі адам іздеу шарасы ұзаққа созылуы мүмкін. Ондайда ит алған бетінен қайтпауы керек», - дейді кинологтар. Олардың айтуынша, осы иттерді дайындауға біраз уақыт кетті. Абырой болғанда, бірде-бір рет апат болған жерге шыққан жоқ. «Біз иттерді үйрете берейік. Бірақ апат болмасын!», - дейді мамандар үш рет түкіріп қойып.



Бүгінгі жаттығулар кезінде әуежайдың өрт сөндірушілері де өз өнерін көрсетті. Олар шартты түрде ұшақтан шыққан өртті сөндірді. Аталған тапсырма да ойдағыдай орындалды. «Әуежай аймағында ондай жағдайлар болды ма?», - деп сұрасақ, қызметкерлер құдайға шүкіршілік етіп, болмағанын жеткізді. Алайда өткен жылы «Қызылорда-Астана» рейсімен апатты жағдайда қонған ұшақты еске алды. Сол кезде әуе кемесінің артқы шассиі ашылды. Бірақ алдыңғы доңғалағы шықпай қалды. Сонда өрт сөндірушілер алдымен бүкіл жолаққа көбік шашып тастады. Одан кейін қаңылтыр іспетті алюминий пакеттерін қойды. Ұшақ қонған кезде алдымен артқы шассиімен жүріп келді де, қаңылтырға жақындағанда тұмсығын тура соған тіреді. Сөйтіп, шана ұқсап сырғанап барып тоқтады.

«Енді, бүгінгі жаттығулар кезінде біз өз дайындығымызды тағы бір мәрте тексеріп алғанды жөн көрдік. Негізі, апатты жағдайда Астана қаласы кез келген аймаққа жәрдем жібере алады. Азаматтық авиация комитеті арқылы біз қажетті теxниканы, мамандарды және тағы басқа көмекті жеткізе аламыз», - дейді «Нұрсұлтан Назарбаев» Халықаралық әуежайының өндірістік қауіпсіздік департаментінің басшысы Марат Құндақбаев.

Соңғы жаңалықтар