Жеңіс Қасымбек: Өзбекстан нарығына ең бірінші локомотивтерді өткізгіміз келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан мен Өзбекстан арасында инвестициялық тұрғыда қандай алыс-беріс болатынын айтып берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Инвестиция бойынша айтарым. Біз өткен жылы соңғы бизнес-форумда жалпы сомасы 840 миллион АҚШ долларына жуық әр түрлі келісімдерге қол қойған болатынбыз. Биыл алғашқы жартыжылдықта Астанада да дәл осындай ірі бизнес-форум өткізуге келістік. Біз қазірдің өзінде Өзбекстан еліне бұрын экспорттамаған өнімдерді шығара бастадық», - деді Жеңіс Қасымбек Астанада өткен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17-отырысында тілшілерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде шығарылып жатқан аккумуляторлар мен трансформаторлар, Ақтөбедегі зауыттан рельстер де Өзбекстанға тасымалданып жатыр.

«Темір жол көліктерін құрау саласындағы өнімдерді экспорттау көзделіп отыр. Ал ол жақтан бізге жеміс-жидек өнімдері жеткізіледі. Демек, біз бір-біріміздің экономикамызды толықтырып отырмыз. Жыл бойында локомотив, рельс бойынша өзбек тарапымен келісіп алуды мақсат тұтып отырмыз. Келесі жылдың басында қорытынды жасаймыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда локомотивтердің дизелі, электровоздар, жолаушылар вагоны, жүк вагондары өндірілуде. Ең бастысы, бүгін біз Өзбекстан нарығына локомотивтерді өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Еске сала кетсек, бүгін Астанада өткен Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 17-отырысында Қазақстан мен Өзбекстан тарапы бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойған болатын.
null 

Соңғы жаңалықтар