Жеңіс Қасымбек: Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға тасылатын контейнерлер 1 миллионға жетуі мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы жол тартатын контейнерлердің саны 1 миллионға жетуі мүмкін. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осындай болжам айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл туралы министр Астанада «Қазақстан Республикасы индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекетік бағдаламасының іске асырылуы туралы» партиялық тыңдаулар барысында хабарлады. Тыңдалым кезінде Парламент мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских Жеңіс Қасымбекке көлік инфрақұрылымы бойынша сұрақ қойған болатын.

«Бүгінгі күні көлік инфрақұрылымы болмаса, индустриялық дамуымызды жеткілікті дәрежеде жүргізу мүмкін емес. Өзіңіз білетіндей, Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастық дамуы көлік саласындағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Мысалы, соңғы бес жылда Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік айналым 28 есеге ұлғайған. Осыған байланысты көлік саласында іске асырылып жатқан жобаларымыз республикалық аймақ бойынша транзитті қандай көлемге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді? Сонымен қатар, осы салада жоспарда қандай жобалар бар?» - деп сұрады депутат.

Жеңіс Қасымбек бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын, Қазақстанның көлік транзиті арқылы қос нарықты байланыстыру бағытында әлеуеті зор екенін атап өтті.

«Өте маңызды сұрақ. Расында, құрлықтың ішіндегі мемлекетпіз, бірақ екі шетімізде екі үлкен нарық - Қытай мен Еуропа жатыр. Сондықтан, ең үлкен нарықтың ортасында біз үлкен транзиттік жұмысты жасауымыз керек. Кезінде «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданып, үлкен инфрақұрылымдық жұмыстарды бастағанбыз. Айтқаныңыз дұрыс, соңғы 5 жылдың ішінде контейнерлердің көлемі 28 есеге ұлғайды. Жыл сайын Қытайдан транзитпен Еуропаға баратын контейнердің көлемі 2-2,5 есеге өсіп келеді. Кеңес одағы кезінде көлік инфрақұрылымы көбінесе Оңтүстіктен Солтүстікке бағытталған болатын. Яғни, Ресей мен Орталық Азияны қосатын. Қытай мен Еуропаны байланыстыратын көлік жолдары, темір жолдар болған жоқ. Қазіргі уақытта басты мақсатымыз - осы бағыттағы жолдарды салу. Соңғы жылдары екінші темір жол өткізу пункті салынды. Бұл Қорғас. Бұрын тек қана Достық болатын. Қазір осы пункт арқылы Еуропаға біздің ойымызша 2020 жылға дейін 1 миллион контейнер өтетін болады. Президенттің біздің алыдымызға қойған тапсырмасы транзиттен мемлекетке түсетін көлемі 5 млрд АҚШ доллары болуы керек. Ең басты міндет - осы», - деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, министр авиациялық транзиттің дамып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Жыл сайын Астана және Алматы әуежайлары арқылы Еуропадан Азияға, Қытайдан Еуропаға өтетін транзиттің көлемі екі есеге өсті. Бүгінгі таңда 500 мың адам болып тұр. 5 жыл бұрын бар-жоғы 25 мың адам ғана болатын. Енді 2020 жылға дейін транзиттік жолаушылардың саны 1,6 млн адамға дейін Астана және Алматы арқылы Еуропаға немесе Қытайға ұшады деп күтілуде. Олар 1-2 күнге Алматы немесе Астанаға аялдаса біздің экономикаға үлкен оң әсерін берері сөзсіз. Сондықтан, Қытай мен Еуропаның арасындағы авиация тасымалын әлеуетті салаға санап отырмыз», - деп түйді Жеңіс Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар