Жеңіс Қасымбек: Батыс пен шығысты жалғайтын Қазақстанның транзиттік рөлі артып келеді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр даласын алып, Еуропа мен Азияны жалғап жатқан Қазақстанның транзиттік әлеуеті туралы әңгіме аз айтылған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған стратегияға сәйкес, транзиттік әлеуетті тиімді пайдалануға кірісіп кеткеніміз де бар. Бұндай ауқымды жұмысқа шетелдіктер де өз бағасын беріп жатқаны соның айғағы. Баға берді демекші жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде Қытай Төрағасы Си Цзиньпин мырза «Қазақстан Еуразия құрлығындағы транзит тасымалының чемпионы» деп бағалаған еді. Расында, бүгінгі таңда Қазақстан территориясы арқылы Қытай мен Еуропа арасына қатынайтын 15-тен астам транзиттік бағыт бар екен.. Батыс пен шығысты жалғайтын үлкен басымдыққа ие маңызды күре жолдар Қазақстан арқылы өтеді. Айталық, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» транзиттік авто дәлізі ел экономикасына қомақты үлес қосары сөзсіз. Осы және өзге де мәселелерге байланысты ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мырзамен сұхбаттасқан едік.

- Министр мырза, биыл сәуір айында Қазақстан арқылы Лондоннан Қытайға жүк тасымалдайтын алғашқы контейнерлік пойыз іске қосылды. Қазақстан осы транзиттік тасымалдаудан қандай пайда көреді және біздің еліміздің ұтатын тұсы қайсы?

 -Ең алдымен «пайда көреді» дегенге қатысты айтарым құрлықтағы транзиттік тасымал Қазақстан үшін өте тиімді. Өйткені, бұл тек елдің бір шетінен кіріп, екінші шетінен шыға беретін жол ғана емес, бұл арқылы сыртқы нарыққа өз тауарымызды шығару мүмкіндігі кеңейіп отыр. Яғни, бірінші кезекте Қазақстанда экспортты дамытуға жол ашылуда. Сондықтан да, осындай жобалардың сәтті жүзеге асуы үшін елімізде қажетті инфрақұрылымдар жасалып жатыр.

Ал, нақты сұрағыңызға келсек, биыл сәуір айында Лондон - Иу бағытындағы бірінші контейнерлік пойыз Қазақстан территориясы арқылы өтті. Контейнерлік пойыз лондондық «DP World London Gateway» терминалынан Қытайдың ірі логистикалық орталығы Иу қаласына жөнелтілген болатын. Пойыз Ла-Манш туннелі, Франция, Бельгия, Германия, Польша, Беларусь, Ресей, Қазақстан сияқты елдерді басып өтіп, Қытайға жетті. Бұл ретте еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымдағы  мүмкіндіктері жүк жөнелтушілерге жеткізу уақытын 2 есеге дейін қысқартып, мультимодальды тізбек қалыптастыруға мүмкіндік бергенін айтуымыз керек. Яғни, осыдан-ақ Қазақстанның Батыс пен Шығысты арасын жалғауда айтарлықтай рөл атқарып отырғанын жеткізгім келеді.

Сосын, мұндай жүкті теңіз арқылы тасымалдауға шамамен 36-38 күн кетеді. Ал біз осыны барынша қысқартып отырмыз. Бүгінгі күні әрбір сағаттың өзі сұраулы екенін ескерсек, алдағы уақытта Қазақстанның осы әлеуеті мейлінше ашыла түседі деп ойлаймын.

Жалпы, Қытай мен Еуропа арасында жүріп тұратын жүк поездары сауда-экономикалық байланысты нығайтады, платформалар тұрғызады және өз кезегінде «Нұрлы жол» бағдарламасының және «Бір белдеу - бір жол» бастамасының жүзеге асырылуына септігін тигізеді. Айта кетейік, тұтыну тауарлары тиелген бірінші пойыз Қытайдан Лондонға биыл қаңтар айының ортасында жеткен болатын. Сонымен қатар, 32 контейнерден тұратын британ өндірушілерінің тауарлары тиелген пойыз 12 мың шақырым жолды 20 күнге дейінгі уақытта  жүріп өтіп, тауарды тиісті жеріне жеткізді.

Статистиканы да келтіре кетейін, былтыр Қытай-Еуропа-Қытай бағытында транзитті контейнерлік тасымал 2 есе өсіп, 104,5 мың контейнерді құрады. Сондай-ақ, Қазақстанның аймақтарындағы көлік-логистикалық орталықтарды дамыту, Ляньюнган (Қытай), Бандер-Аббас (Иран), Клайпеда (Литва) теңіз және құрғақ порттарындағы терминалдардың құрылысы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, контейнерлік тасымалды 2020 жылға қарай 2 млн. контейнерге дейін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. 2017 жылы контейнерлер санын 320 мың бірлікке дейін, оның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша 165 мың контейнерге арттыру көзделіп отыр.

- Жеңіс Махмудұлы, «жолдың жайын жүрген біледі» деген сөз бар халқымызда. Халық үшін де ең қажетті инфрақұрылым автомобиль жолы екені сөзсіз. Бұл бағыттағы жасалған және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жобаларға тоқталсаңыз?

- Дұрыс айтасыз, жол - бұл экономиканың күретамыры. Өйткені,  республикалық және облыстық маңыздағы күре жолдардың жақсы болуы ел экономикасына тікелей әсер етеді және халықтың пайдалануына ыңғайлы екені айтпаса да түсінікті. Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Өткен жылда атқарылған жұмыстарға тоқтала кететін болсам, 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар 920 шақырым автокөлік жолдарындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, оның 767 шақырым жол пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыруға 75 мың адам жұмылдырылды. Яғни, біз бір жағынан жол сапасын реттесек, екінші жағынан азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі де шешімін тауып келеді.

Ал, биылғы бөлінген қаржы есебінен 7 өтпелі жобалардың жұмысы жалғасып жатыр. Бұлар: Астана-Қарағанды, Орталық-Шығыс, Бейнеу-Ақтау, Орталық-Батыс, Қапшағай-Талдықорған, Астана-Петропавл және Орал-Каменка. Жыл соңында соның 602 шақырымындағы жұмыстар аяқталады деп жоспарланып отыр. 

Бұдан бөлек,  жалпы ұзақтығы 3,2 мың шақырымды құрайтын 15 жаңа жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде 2,5 мың шақырымды құрайтын 9 жоба Халықаралық қаржы институтының есебінен жүзеге асырылатын болады. Жалпы алғанда, биыл 4,4 мың шақырым жолға жұмыс жүргізіледі. Бұл жұмысқа 100 мың жұмысшы атсалысатын болады. Осы көрсеткіштердің өзі біраз дүниелерді ашып көрсетсе керек.

- Әйтсе де, осы жолдардың сапасы қалай екен? Көктем кезінде жолдардың сапасы күрт нашарлап кететіні белгілі. Жалпы жолдырды сапалы күйінде ұзақ уақыт пайдалану үшін қандай жаңа технологиялар қолданылады?

 - Расында, бұндай проблемалар бар.Көктемде қар еріген кезде жолдарды су шайып, сапасына әсер ететіні анық.  Осы проблеманы шешу үшін, сондай-ақ автомобиль жолдарын салу және жөндеуде сапаны арттыру мақсатында Қазақстанның автожол саласына тұрақты негізде ғылыми зерттеулер жүргізіліп келеді. Бұл зерттеулерді жүргізуге "Қазжол» ҒЗИ "АҚ салалық ғылыми-зерттеу институты бекітілген. 2016-2018 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу бағдарламасы бойынша жаңа материалдар мен технологияларды еңгізу бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Арнайы эмульсиялық-минералдық қоспаны зерттеп, құрамаларды әзірлеу, технологиясын және олардың пайдалану аумағын анықтау», «Тозған шиналарды қайта өңдеп, соны пайдалана отырып жарықшаларды болдырмайтын қабаттарды зерттеу», «Модификацияланған күкіртті жол құрылысында қолдану тиімділігін зерттеу» сияқты жұмыстар жүргізілген. Бұл зерттеулердің нәтижесі бойынша атқарылған жұмыстарды жол құрылысына қолданатын болсақ, автомобиль жолдарының сапасы артып, пайдалану мерзімі анағұрлым ұзартылатынын анық. Сонымен қатар, салаға жаңа технологиялар енгізілуде. «Сларри Сил» және «Микросюрфейсинг» құйылған эмульсиялы-минералдық қоспалардан жұқа қабаттар жасалған. Технологияны асфальтбетон жабындары бұзылуының бастапқы кезеңінде қолдануға болады. Ол автомобиль жолының пайдалану ресурсын арттырады.

Сонымен бірге, асфальт-бетон жабындарының тұрақтылығын арттыру үшін «Бутонал NS», «Форта», «Элвалой» сияқты полимерлік модификациялық қоспаларды пайдалану көзделген. Қоспаларды қолдану жабындылардың ылғалға әсері тұрақтылығын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Осы және бұдан өзге де түрлі жаңа технологиялар жол құрылысына жыл сайын енгізілуде. Алдағы уақытта да әлемнің жол салу саласындағы озық технологияларын енгізіп, тиімді жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз.

- Сіз өткен жолы I санаттағы жолдар ақылы болатыны жөнінде айтқан едіңіз. Ақы төлеу қай кезде енгізіледі? Ақылы жолдар өзін ақтай ма?

 -  «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылға дейін республикалық маңызы бар 7 мың шақырым автомобиль жолын салу және реконструкциялау қарастырылған. Осы жұмыстардың аясында автомобиль жолдары I және II техникалық санатқа ауыстырылады.  Яғни, автомобиль жолдары қауіпсіз әрі қолайлы болмақ. Бірақ, жолдарды салу бір басқа, ал оны  күтіп-ұстау өте қымбат. Сондықтан, республикалық бюджетке түсетін ауыртпалықты төмендету үшін, сонымен қатар аталған автомобиль жолдарын сапалы және қауіпсіз күйде ұстау үшін ақылы жүйе енгізу жоспарлануда.

Айталық, ағымдағы жылдың аяғында «Астана - Теміртау», «Алматы - Қапшағай» және «Алматы - Қорғас»  учаскелерінде жалпы ұзақтығы 469 шақырым жолға  ақылы жүйе енгіземіз деп жоспарладық. Сонымен қатар, жалпы ұзақтығы 5,5 мың шақырым болатын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 2018-2019 жылдары  ақылы жүйені жобалау жұмыстары басталды. Ақылы жүйе арқылы түскен қаржы тек осы жолды күтіп ұстау үшін жұмсалатын болады. Бұл жерде біріншіден жолдың сапасы жақсы болады, екіншіден, жол қауіпсіздігі қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Яғни, жолдардағы көлік апаты азаяды.

- «Нұрлы жол» бағдарламасы туралы айтып қалдыңыз, жалпы оның аясында қанша жұмыс орны құрылды?

-  «Алматы-Шу» учаскесінде екінші жолдарды салу жобасы бойынша құрылыс кезінде 105 адам тартылып, желі пайдалануға берілген соң 70 шақты адам жұмыспен қамтылуы жоспарлануда. Құрық портында паром кешенін салу жобасы бойынша бүгінгі күні 210 адам жұмыс істеуде. Жалпы алғанда жобаны жүзеге асыру кезінде шамамен 500 адам тартылып, пайдалануға берілген соң 172 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Ал, автожол жобаларына 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 70 мыңға жуық адам тартылды.

Жол құрылысы кезінде тартылатын жұмыскерлер санының 20% (10 мың) білікті мамандар, және олар тұрақты түрде жұмыспен қамтылған. Қалған 80%-ын (41 мың) жол жұмысшылары құрайды, олар уақытша жұмыспен қамтылғандар.  Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 1 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды.

- Министр мырза,  «ЭКСПО-2017» көрмесіне орай Астанаға жан-жақты пойызбен қатынайтын халықтың саны көбейеді. Олардың ішінде шетелдік туристер де бар. Осыған байланысты қандай шаралар қолға алынбақ. Жолаушыларға қатысты жазғы күндері билет тапшылығы болмай ма?

 - Әкімдіктермен және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ алдын ала болжамдары бойынша көрмеге келушілердің түпкілікті саны анықталды. Көрмеге аймақтардан келетін адамдардың саны 1 млн. 800 мыңнан асады деген болжам бар.  Олардың шамамен 1,1 миллионға жуығы темір жол көлігімен келеді деп күтілуде. Осыған байланысты Министрлік жолаушыларды үздіксіз тасымалдауды ұйымдастыру үшін бағыттар санын арттыру жұмыстарын жүргізуде.  Мысалы, Тұлпар-Тальго вагондарымен жасақталған 14 жолаушылар және қала маңына қатынайтын пойыздар іске қосылады. ЭКСПО кезінде тасымалдаушылар қосымша вагондар тіркейді (150 вагон). Қазіргі таңда 13 жолаушы және қала маңы пойыздары іске қосылды. Жасалынып жатқан шаралар жаз кезіндегі билет тапшылығын ескере отырып, теміржол көлігінің қол жетімділігін қамтамасыз етеді.

- Қазақстан шет елдермен халықаралық әуе байланысын кеңейтуде. Әсіресе «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде де бірқатар әуе рейстері ашылатыны белгілі. Осыған толығырақ тоқталсаңыз?

- Қазіргі таңда Астанадан халықаралық ұшуларды 17 әуе компаниясы (олардың ішінде: 15 шетелдік және 2 қазақстандық) 25 халықаралық бағыт бойынша аптасына 193 рейстік жиілікпен жүзеге асырады ( Екатеринбург, Казань, Москва (Шереметьево), Новосибирск, Омбы, Санкт-Петербург, Минск, Ереван, Киев, Ташкент, Баку, Тбилиси, Бішкек, Сеул, Үрімші, Бейжің, Бангкок, Амстердам, Варшава, Франкфурт, Лондон, Париж, Анталья, Стамбул, Дубаи, Абу-Даби).

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу кезеңінде барлық ниет білдіруші шетелдік әуе тасымалдаушыларына Астана қаласына аптасына 7 рейске дейін орындау құқығы ұсынылды.

Қазақстанға қосымша рейстерді тарту жұмыстарының нәтижесінде Польша, Жаңа Зеландия, Италия, Бразилия, Мексика, Пәкістан, Греция, Чехия, Швеция, Португалия, Канада, Испания, Израиль мемлекеттерінің әуе тасымалдаушыларына Астана қаласына күнделікті ұшу орындауға құқығын беретін 13 тиісті Өзара түсіністiк туралы меморандумға және келіссөздерінің Хаттамасына қол қойылды.

Биыл маусым айынан бастап Астана қаласына  Польша, Венгрия, Финляндия және  Қытай әуе компаниялары тікелей рейстерді ашып жытыр. Айталық, «LOT Polish Airlines» Варшавадан 29 мамырдан аптасына 4 рейстік жиілікпен, «WizzAir»  8 маусымнан бастап Будапештен аптасына 2 рейстік жиілікпен, «FinnAir» 18 маусымнан  бастап Хельсинкіден аптасына 2 рейстік жиілікпен, «Air China»  2 маусымнан бастап Бейжіңнен аптасына 3 рейстік жиілікпен ұшу бағыттарын орындап келеді.

Бұдан бөлек, қазақстандық әуе тасымалдаушылар жазғы мерзімде 11 рейс ашуды жоспарлап отыр.  Олар: Астана - Ереван 2 рейс (СКАТ), Астана - Минводы - 5 рейс (СКАТ), Астана - Киев - 3 рейс, (Эйр Астана), Астана - Сиань - 1 рейс (СКАТ). Бұның барлығы елімізге туристердің көбірек қатынауына жол ашады деп сенемін.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар