Жеңіс Қасымбек Атырау облысындағы құрылысы бітпейтін көпір туралы айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысы Махамбет ауданындағы жаңа көпірдің құрылысын аяқтауды жылдамдату мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Парламент Мәжілісінде үшінші жыл істеп жатырмын. Атырау облысында әкім болғанымда Елбасына өңірдегі Махамбет ауданындағы көпірдің аса қажет екенін баяндаған едім. Мемлекет басшысы сол көпірді салу бойынша қаржы бөлуді Үкіметке тапсырған болатын. Содан бері біраз жылдар өтті, дегенмен көпір әлі біткен жоқ. Өткен жылы аяқталуы тиіс еді, сонымен қатар биыл жылдың соңында тапсырылып қалуы мүмкін деген үміт болды. Қазіргі қаралып отырған бюджет бойынша 500 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, қаралып отырған қаржы аясында 2020 жылға дейін жоспар жасалған екен. Сонда тағы да екі жыл күту керек пе?», - деп сұрады депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Өз кезегінде ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өткен аптада іссапармен аталған ауданға барып, көпірдің құрылысымен танысқанын жеткізді.

«Жалпы көпірдің құны 9,5 млрд теңге, оны 6,5 теңгесі кезінде жергілікті бюджеттен, ал республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Енді осы бюжетте 500 млн теңге бар. Бірақ жобаны толықтай іске қосу үшін тағы да 1,5 млрд теңге керек», - деп тоқталды министр.

Ж. Қасымбектің атап өтуінше, бюджетте Атырау облысының жергілікті жолдарына 4,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның 1,1 млрд теңгесі өңір бюджетінің өзінен болса, қалған 3 млрд теңгеден астам қаржы республикалық бағыттан бөлінеді.

«Облыс әкімдігі бізге қай жер мен жолға қанша қаржы керектігін түсіндіруі керек. Біз бөліп отырған соманың 1,5 млрд теңгесін облыс қажет болса сол көпірге жұмсауға мүмкіндігі бар және бұл мәселені қарастыруға дайынбыз», - деп түйді министр.

Соңғы жаңалықтар